Қазіргі қоғамда адамның өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты құндылықтардың бірі. Алайда күнделікті өмірде көптеген адамдар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа, буллингке немесе харассментке ұшырап, психологиялық, физикалық және әлеуметтік қысым көруде. Бұл құбылыстар көбінесе отбасы ішінде, мектеп қабырғасында, жұмыс орнында немесе интернет кеңістігінде орын алып, адамның еркіндігіне, ар-намысына, денсаулығына қауіп төндіреді. Әсіресе балалар, жасөспірімдер, қарттар және әйелдер сияқты әлсіз топтары зорлық-зомбылықтың негізгі құрбандарына айналып отыр. Кез-келген зорлық-зомбылық әрекеттерге төзбеу мәдениетін қалыптастыру, олардың алдын алу, ерте анықтау және жәбірленушілерге уақтылы көмек көрсету бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Сондықтан біздің мақсатымыз мақсатты аудиторияға, жалпы көпшілікке тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және харассмент ұғымдарының мәні мен мазмұнын, олардың түрлері мен салдарын, сондай-ақ тиімді профилактикалық шаралар мен қоғамның әрбір мүшесінің атқарар рөлін түсіндіру. Еліміздің азаматтарын қоғамымызда зорлық-зомбылықсыз, қауіпсіз және қолдау көрсететін орта құра білуге дайындау.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, харассмент ұғымдарының мәні мен мазмұны бір – бірімен тығыз байланысты, осыған орай олардың пайда болу тарихына тоқталып өтейік.
БУЛЛИНГ
XVI ғасырда (Буллинг – ағыл. тілінен енген) тиран күйеуінің әйеліне деген мінез-құлқын сипаттау үшін қолданылған кезде пайда болған деп есептеледі.
XVIII-XIX ғасырларда термин балалар арасындағы агрессивті мінез-құлықты сипаттау үшін қолданылған,
XX ғасырдың ортасына дейін буллингтұжырымдамасы (Дэн Олвеус) зерттеліп, психология саласында маңызды мәселе ретінде таныла бастады.
Буллингтің анықтамасы мен белгілері:
буллинг – бір немесе бірнеше адамның басқа бір адамға әдейі және жүйелі түрде психологиялық немесе физикалық зиян келтіруі, буллинг әрекеттері қайталанып отырады және билік/күш теңсіздігі болады.
Буллингтің түрлері:
- Физикалық буллинг: ұру, итеру, затын бүлдіру.
- Вербалды буллинг: келемеждеу, қорлау, балағат сөздер.
- Әлеуметтік буллинг: оқшаулау, топтан шығару, беделін түсіру.
- Кибербуллинг (кейінгі зерттеулерде): онлайн қысым, қорлау.
Мектепте буллингке қатысушылар рөлдері:
— буллер/агрессор (қудалаушы), құрбан (жәбірленуші);
— бақылаушылар (көмектесетіндер немесе үнсіз қалатындар, олардың реакциясы буллингтің жалғасуына немесе тоқтауына әсер етеді.);
— куәгерлер (буллинг болғанын немесе болып жүргенін нақты білетін оқушылар);
— жанашырлар (жәбірленуші оқушыға жандары ашиды, қолдау көрсетуге тырысады, бірақ көп жағдайда белгілі септермен ол ойларын жүзеге асыра алмайды);
— қорғаушылыр (жәбірленуші оқушыны ашық қолдауды, қорғайды, қажет болған жағдайда ересектерден көмек сұрайды
Буллингтің салдары:
— құрбан болған балаларда үрей, депрессия, өзін-өзі бағалаудың төмендеуі байқалады, мектепке барудан бас тарту, өмірін қию буллингтен құтылу жолы сияқты ойлардың пайда болуы, өзіне – өзі қол жұмсауы;
— буллерлердің қылмыстық әрекеттерге бейімділігінің және іс-әрекетін жазаланбауына деген сенімінің артуы.
Алдын алу жолдары:
Ден Олвеус антибуллингтік бағдарлама ұсынды, оған мыналар кіреді:
— мектепте буллингке нөлдік төзімділік саясатын енгізу.
— педагогтерді, ата-аналарды және оқушыларды оқыту және ынталандыру.
— буллинг жағдайларын дер кезінде анықтау және тіркеу.
— мектепте қауіпсі ортасын құру.
ХАРАССМЕТ
«Harassment» сөзі ағылшын тіліне француз тілінен енген:
– «harasser» — «мазалау», «тыным бермеу», «жалықтыру» деген мағынада. Алғашында әскери термин ретінде («жауды мазалау арқылы әлсірету») қолданылған.
«Харассмент» (harassment) сөзі ертеректе француз тіліндегі «harasser» сөзінен аударғанда, «аңға итті айдап салу», «тыным бермеу», «қуалау» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі кезде «Харассмент» ұғымы, жыныстық қудалауға байланысты қолданады.
«Харассмент» АҚШ-та 1970-жылдары алғашқы сот істерінің пайда болуымен бірге кеңінен талқылана бастады және құқықтық маңызға ие болды.
1980 жылы АҚШ-тың Тең еңбек мүмкіндіктері жөніндегі комиссиясы (EEOC) қудалауды тыйым салынған дискриминация түрі ретінде ресми түрде таныды.
Ғылыми айналымға енуі:
1970 жылдар – «Sexual harassment» (жыныстық қудалау) ұғымының ресми түрде қолданылуы басталды. АҚШ-та әлеуметтік әділеттілік пен еңбек құқықтары саласында кеңінен зерттеле бастады. Бұл ұғымды ғылыми және құқықтық деңгейде алғаш тұжырымдап, жүйелеген зерттеуші — Кэтрин Макиннон болды. Ол Sexual Harassment of Working Women: A Case of Sex Discrimination атты еңбегінде харассментті жыныстық дискриминацияның бір түрі ретінде қарастырып,нақтылай түсіп, құқықтық тұрғыдан негізделді
және АҚШ-та еңбек заңнамасына әсер етті.
Ғылыми зерттеулердің дамуы: 1980 жылдары психология, әлеуметтану және гендерлік зерттеулер салаларында харассмент кеңінен зерттеле бастады.
Кейіннен ұғым тек жыныстық мазмұнмен шектелмей, психологиялық, вербалды, әлеуметтік, киберқудалау секілді түрлерімен толықты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, буллинг пен харассменттің әйелдер мен қарттарды және кімелетке толмаған балаларды алдын алу жұмыстарының өзіндік еркшелктері бар. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, буллинг пен харассментке жиі ұшырайтын әлеуметтік топтар қорғансыз, осал және тәуелді жағдайдағы тұлғалар қатарына жататындықтан, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шаралар жан-жақты әрі бейімделген сипатта жүргізілуі тиіс.
— әйелдерге қатысты алдын алу – гендерлік теңдік, құқықтық қорғау және әлеуметтік қолдау жүйелерін қамтылады;
— қарт адамдармен жұмыс көбіне әлеуметтік оқшауланудың, жалғыздықтың, психологиялық қысымның алдын алуға бағытталады;
— балаларға қатысты профилактикада психологиялық тұрақтылықты сақтау, буллинг пен жыныстық қудалауға қарсы қауіпсіз орта қалыптастыру маңызды болып табылады.
Осыған байланысты әрбір топпен жүргізілетін профилактикалық жұмыс жасына, дербес ерекшелігіне, әлеуметтік мәртебесіне, психоэмоционалдық жағдайына және тәуекел факторларына сәйкес жүргізілуі қажет.
Тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылық мәселелерін қоғамдық деңгейде көтеріп жүрген жетекші тұлға, американдық педагог, спикер, блогер, спортшы Дон Макферсон «Нағыз профилактика – жаман оқиғаның болуын күту емес, оны бастан болдырмау» дейді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, буллинг пен харассменттің профилактикасы, аталған құбылыстардың алдын алуға және жәбірленушілерге қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар кешенді шараларды құрайды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, буллингке, харассментке ұшырайтын адамдардың дене күші мен әлеуметтік мәртебесінің төмендігі, экономикалық тәуелділігі және құқықтық сауаттылығының жеткіліксіздігі оларға жасалатын зорлық-зомбылықты ерте анықтауды және алдын алуды қиындатады. Сондықтан балалар мен жасөспірімдерге, әйелдер мен егде жастағы адамдарға қатысты зорлық-зомбылықтың профилактикасы кешенді және жүйелі көзқарасты талап етеді. Профилактиканың негізгі бағыттары төмендегідей.
Құқықтық сауаттылықты арттыру:
— құқықтары, қорғану тетіктері және заң көмегі туралы ақпарат беру;
— қорғау нұсқамасы мен шектеу шараларын қолдану тәртібін түсіндіру.
Әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету:
— дағдарыс орталықтарына, сенім телефондарына, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелеріне қолжетімділікті арттыру;
— жалғыз тұратын қарт адамдарға әлеуметтік қызметкер немесе патронаж арқылы тұрақты қолдау көрсету.
Қоғамдық сананы өзгерту
— гендерлік теңдік, қарт адамдарға құрмет көрсету туралы тәрбиелік іс-шаралар жүйелі ұйымдастыру;
— балалар мен жасөспірімдерге, әйелдер мен қарттарға қарсы кемсітушіліктің, агрессия мен қорлауды тоқтауда үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді қолдау
Межсекторлық өзара әрекет
— полиция, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және үкіметтік емес ұйымдардың өзара үйлесімді әрекеті;
— қауіпті тобына жататын отбасыларды алдын ала анықтау және тіркеуге алу.
Отбасы құндылығы мен мәдениеттін насихаттау
— отбасында зорлық – зомбылықты болдырмауға бағытталған ерлі-зайыптылар мен балаларға арналған ақпараттық материалдар тарату;
— ерлі зайыптылардың өзара және балаларымен қарым – қатынасын анықтау және психологиялық кеңес беру оралықтарын ашу
— жалғыз тұратын қарт адамдарды және қарт адамдары бар отбасыларды тізімге алу және бақылау.
ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖӘНЕ ОЛАДЫҢ МАЗМҰНЫ
АҚПАРАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ
Тұрмыстық зорлық-зомбылық ұғымын, оның түрлерін (физикалық, психологиялық, экономикалық, жыныстық), белгілерін және жәбірленуші мен қоғамға тигізетін салдарын түсіндіру:
- Білім беру ортасында психолог, әлеуметтік педагог және сынып жетекші одақтастығын құру.
- Оқушыларға тұрмыстық зорлық – зомбылық, буллинг және харассмент туралы түсінік беріп, оларды тануға, қарсы тұруға үйрету тренингтерін жүйелі өткізу.
- Оқушыларға отбасында болатын тұрмыстық зорлық туралы бейне роликтер, ақпараттық парақшалар, жадынамалар тарату.
- Оқушылармен жеке сұхбаттасу, сұрақ-жауап, кері байланыс орнату
- Ата-аналарды балаларының мектептегі және мектептен тыс өміріне тарту арқылы, бақылауын арттыру.
- Мектеп мұғалімдеріне, ата-аналарға, көпшілікке арналған онлайн және офлайн семинарлар өткізу, ашық ақпараттандыру (құқық, психология, қауіпсіздік тақырыптарында).
- Харассментке ұшырау жағдайлары отбасында, туыстары, ағалары, жезделері, нағашылары, өгей әке, туған әке, бауырлары тарапынан болуы мүмкін екендігі туралы түіндіру
- Қиын өмірлік жағдайға түскен және зардап шеккен кезде оқушы қайда баратынын және нақты кімнен қорықпай көмек сұрай алатынын білу қажет
ҚАУІПСІЗ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Зардап шеккендерге қорғаныс мен дағдарыс орталықтарына қол жетімділікті қамтамасыз ету, психологиялық қолдау және кеңес беру, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға арналған мектептерде «тыныш бөлмелер», «сенім желілері» құруды қолдау, баланың өзін-өзі қорғау дағдыларын үйрету. Құрбандарға арналған қауіпсіздік жоспарларын әзірлеу.
ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕХАНИЗМДЕР
- Зорлық-зомбылық фактілері бойынша құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібін түсіндіру.
- Харассмент пен буллингке қатысты жазалаушы құқықтық нормаларды түсіндіру.
- Полиция және заң өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру
- Жәбірленушіні қорғау мақсатында қашықтық сақтау бұйрықтарын (қорғаныс ордер) енгізу.
ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты, буллингтің және харассменттің алдын алу және оған қарсы күрес бойынша жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, кешенді көмек көрсету мен күштерді үйлестіру. Үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мүмкіндігінің маңыздылығы. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг немесе харассмент жағдайында зардап шеккен адам үшін жедел әрі қауіпсіз көмек алу – оның психологиялық, әлеуметтік және құқықтық әл-ауқатын қалпына келтірудің маңызды алғышарты болып табылады. Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) зорлық-зомбылық көрген адамдарға нақты қолдау көрсететін маңызды институт ретінде танылады. Қазіргі таңда ҮЕҰ-лар тарапынан жәбірленушілерге арналған заңды түрінде көмек түрлері кеңейіп келеді. Атап айтқанда, сенім телефондары мен жедел желілер, онлайн-платформалар арқылы өтініш қабылдау, құпия жәшіктер мен «тыныш бөлмелер» секілді қолжетімді әрі құпия байланыс арналарын ұйымдастыру арқылы азаматтарға жедел көмек көрсету мүмкіндігі жасалған. Бұндай жүйелер әсіресе, қауіп-қатер жағдайында тікелей хабарласуға мүмкіндігі жоқ тұлғалар үшін аса маңызды.
ҮЕҰ тарапынан көрсетілетін көмек психологиялық кеңес беруді, құқықтық ақпарат ұсынуды, қажет болған жағдайда уақытша баспана немесе қорғауға алу шараларын және құқық қорғау ұйымдарының араласуын және қорғауын қамтиды. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар көрсетілетін барлық көмек түрлерін құпиялық, қауіпсіздік және этикалық қағидаттарға сәйкес жүргізілуін қадағалайды.
Мұндай қолжетімді жүйелердің болуы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, оның зардаптарын азайтуға және жәбірленушінің қорғануға деген сенімін нығайтуға бағытталған тиімді құрал болып табылады.
МЕКТЕПТЕГІ БУЛЛИНГТІ АЛДЫН АЛУ
Буллингтің салдары, белгілері және оған жауап беру тәсілдері туралы оқушылар арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу,
балалардың позитивті қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
АТА-АНАЛАРМЕН ЖҰМЫС:
Ата-аналар жиналыстары мен семинарлар өткізу,
балалардың мінез-құлқына жауапкершілікпен қарауды үйрету, буллинг белгілерін дер кезінде тану мен алдын алу әдістеріне баулу.
ҚАҚТЫҒЫСТЫ ЖАҒДАЙЛАРҒА АРАЛАСУ:
Буллинг фактілері бойынша жедел әрекет ету механизмдерін енгізу,
психологтарды, педагогтерді және басқа мамандарды жәбірленушілер мен агрессорларға көмек көрсетуге тарту.
ӨЗАРА ҚҰРМЕТ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ:
Мектепте қолдау мен түсіністікке негізделген атмосфера құру, буллингке мүлдем төзбеушілік қағидатын енгізу.
БІЛІМ БЕРУ РЕСУРСТАРЫ:
Оқушылар, ата-аналар және педагогтер үшін буллинг туралы және оны болдырмау жолдары туралы оқыту материалдарына қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Автор: Әлімбекова Анар Аймолдақызы – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Педагогика және психология факультеті, Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасы.