Қызылорда облысында авиация саласына цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары қарқын алып келеді. Бұл мәселелер, сондай-ақ өңірлердегі көлік инфрақұрылымын дамыту және құрылыс сапасы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен қаралды.
Жиынға бейнебайланыс режимінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, халықаралық «Қорқыт Ата» әуежайының қазіргі жағдайы мен даму барысы туралы баяндады.
Айта кетейік, 2024 жылы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен Қызылордада халықаралық стандарттарға сай жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілген болатын. Заманауи терминал бір мезетте 250-ден астам жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Қазіргі уақытта әуежай арқылы аптасына 28 рейс орындалады.
Облыс әкімінің айтуынша, жолаушылар тасымалын дамыту – өңір үшін маңызды басымдықтардың бірі. Биылғы сәуір айына дейін «Қорқыт Ата» әуежайы арқылы 63 мыңнан астам жолаушы тасымалданған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,9 пайызға жоғары. Сонымен қатар терминалда барлық негізгі процестерді автоматтандыруға мүмкіндік беретін цифрлық басқару жүйесі енгізілген.
Сондай-ақ жақында «Вана холдинг» компаниясымен әуежайды сенімгерлік басқаруға беру жөнінде меморандумға қол қойылды. Бұл қадам халықаралық талаптарға сай заманауи логистикалық хаб қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әуежай маңында арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуде.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі арнайы кеңес өткізіп, жолаушылар тасымалын дамыту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар төрт айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Бұл бойынша экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек баяндама жасады.
Нұрлыбек Нәлібаев өнеркәсіп пен өңдеу саласында төмен көрсеткіш көрсеткен аудан әкімдеріне жұмысты жандандыру жөнінде қатаң тапсырмалар берді.
Бұдан бөлек, жиында оқу жылының аяқталуы, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мәселелері де талқыланып, жауапты органдарға нақты міндеттер жүктелді.