Ақтөбеде Аналар күніне арналған “Анаға тағзым” атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Көктемнің ең жылы мерекелерінің бірі саналатын бұл күн Қазақстанда жыл сайын мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтеді, ал биыл ол 10 мамырға сәйкес келген. Бұл туралы Ақтөбе қалалық әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, мерекелік шара салтанатты түрде қонақтарды қарсы алудан басталған. Триатлон саябағы аумағында, басты сахнаға қарай 100 әже, “Алтын алқа” иегері 100 ана және “Күміс алқа” иегері 100 ана арнайы құрметпен кіргізілді. Оларды екі жақтан 100 қыз бен 100 жігіттен құралған “тірі дәліз” қарсы алып, құрмет көрсетті.
Кейін саябақ қала тұрғындарына толды. Іс-шараға көпбалалы аналар, жас келіндер, шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алаң ұлттық нақышта безендіріліп, ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырған. Қонақтар аналарға арналған әсем әндерді тыңдап, шығармашылық ұжымдардың өнерін тамашалап, фотозоналарда естелік суретке түсті және қолөнер көрмелерімен танысты.
Құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі Азамат Бекет барлық әйелдерді мерекемен құттықтап, аналардың отбасы құндылықтарын нығайтудағы, ұрпақ тәрбиесіндегі және қоғам дамуына қосатын үлесін ерекше атап өтті.
Шара барысында ерекше еңбегімен танылған аналарды марапаттау рәсімі де өтті. Көпбалалы аналарға, ұстаздарға, медицина қызметкерлеріне және халықаралық деңгейде, спорттық, зияткерлік және шығармашылық жарыстарда жетістікке жеткен балаларды тәрбиелеген аналарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Іс-шара аясында мемлекеттік грант алған кәсіпкер әйелдердің өнімдері мен авторлық жұмыстары қойылған көрме де ұйымдастырылды. Әкімдік мәліметінше, 2025 жылы 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантты 187 адам иеленсе, оның 156-сы әйелдер. Олардың қатарында көпбалалы, жұмыссыз және әлеуметтік осал топ өкілдері бар.
Кәсіпкер Акмерей Жомарт өз ісінің дамуы туралы айтып, грант қаражатының арқасында қажетті жабдық сатып алып, шағын өндірістік цех ашқанын жеткізді. Қазіргі таңда оның командасында 8 әйел жұмыс істейді. Олар мерекелік дастархан әзірлеу, тағам дайындау және жеткізу қызметімен айналысады.
“Біздің жоба екі жылдан бері табысты дамып келеді және мүмкіндіктерімізді үнемі кеңейтіп келеміз”, — деді ол.
Көрмеде сондай-ақ көпбалалы ана Жанат Ақбалина да өз қолөнер бұйымдарын ұсынды. Ол 2023 жылы “Бизнес бастау” курсын аяқтап, мемлекеттік грант алып, қолөнер ісін дамытуға кіріскен. Ол тоқыма өнерін әжесі мен анасынан үйренгенін айтып, гобелендер, картиналар, эпоксидті шайырдан жасалған бұйымдар мен сәндік сағаттар жасайтынын жеткізді.