Қызылордада қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жоба басталды. И. Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының капсуласын салу рәсімі өтті.
Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Облыс әкімі өңірде инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Бүгін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының басталуы тек жаңа нысанның бой көтеруі емес, аймақтың одан әрі дамуына серпін беретін маңызды қадам», – деді Мұрат Ергешбаев.
Жаңа көпірдің құрылысы халықтың сұранысы мен қаладағы көлік қозғалысын жетілдіру қажеттілігінен туындаған. Нысанның ұзындығы 338 метр, ені 23 метр болады. Құрылыс жұмыстарын тәжірибесі мол «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы жүргізеді.
Іс-шара барысында Құрылтай депутаты Серік Салауатұлы мен ел ағасы Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.
Сонымен қатар, өңірде Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дария жағалауында екі жолақты жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарын салу жоспарланған. Бұл жұмыстар өзен маңындағы аумақты су тасқынынан қорғаумен қатар, тұрғындарға қолайлы демалыс кеңістігін қалыптастыруға бағытталған.
Биыл Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы құны 30 млрд теңге болатын 22 жоба іске асырылуда. Оның ішінде «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы жаңа көпірдің құрылысы аяқталып, көлік қатынасы ретке келтірілді.
Сондай-ақ Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл, Наурыз және Есенов көшелері кеңейтілді. Қала орталығымен қатар, шеткі аумақтардың инфрақұрылымына да басымдық беріліп, қазіргі таңда кенттер мен ауылдық округтердегі 32 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Өңірдегі көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобалар Қызылорданың көлік байланысын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.



