Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа жоба қолға алынды. И. Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірінің құрылысына капсула салу рәсімі өтті.
Жаңа көпірдің ұзындығы 338 метр, ені 23 метр болады. Құрылыс жұмыстарын тәжірибесі бар «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы жүргізеді. Жоба қаладағы көлік қатынасын жақсартуға және жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Қалада биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 30 млрд теңгенің 22 жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында жолдарды жаңарту, көшелерді кеңейту және көпірлер салу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы жаңа көпірдің құрылысы аяқталып, көлік қатынасы ретке келтірілген. Тасбөгет кентіндегі бірқатар көшелер кеңейтіліп, кенттер мен ауылдық округтердегі 32 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа көпірдің салынуы қаланың көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың біріне айналмақ.