
Назипа Шанай, ҚХА Аналар Кеңесінің төрайымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі.
Аналар кеңесінің отбасы институтын нығайтудағы миссиясы және қызметі.
«Аналар кеңесі» орталығының құрылғанына 10 жыл толды. Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам ананың басын біріктіріп отырған консультативтік кеңесші орган ауылдарда да бар. 2021 жылдан бері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Бақытты отбасы» жобалары аясында отбасы институтын нығайту мақсатында құқықтық, ақпараттық, әлеуметтік, моральдық-психологиялық қолдау көрсету бағыттарында көптеген жұмыстарды жүзеге асырып келеміз.Аналар кеңесі «Бақытты отбасы» орталықтарында ең әйелдерге құқықтық көмек береді.Себебі аналардың дені өз құқығын білмейді. Олардың арасында тұрмысқа ерте шыққандар, діни ағымның жетегінде кеткендер бар. Мұндай аналар өздерінің, балаларының құжаттарына салғырт қарайды. Біз олардың құжаттарын рәсімдеуге, балабақша, тұрғын үй кезегіне тұруға қол ұшын созамыз.Екінші бағыт – психиологиялық көмек. Қоғамда өзін жоғалтып алған аналар бар. Олар күнделікті күйбең тірлікпен, балаларының қамымен жүріп, өздерінің ана, тұлға екенін ұмытып қалған. Мұндай аналар балаға не үйретеді? Ертең олардың перзенттері абьюзерлердің қолына түсетін қыз, буллингке тап болатын келін, қысымға ұшырайтын оқушы болып шықпай ма? Өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасы қандай болады? Осы мәселелерді шешу үшін ана психологиялық тұрғыда мықты болуы керек.Біз аналардың қандай да бір іспен айналысуына мүдделіміз. Сол үшін оларға қысқа мерзімде өздері қалаған мамандықты игеруге мүмкіндік береміз. Қазір кәсібін шыр айналдырып, меңгерген мамандығының жемісін жеп отырған келіншектер бар. Олардың алды цех ашып, 12-20 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Отбасындағы әйелдің ролі туралы.
Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Өйткені әйел-ана өмір дауылын жеңетін алапат күшке ие. Оның мейірі мен пейілі сүрінгенге – сүйеу, жығылғанға – демеу.Әйел отбасын біріктіріп отыруы керек. Ана үйдің медиаторы және модераторы болуы тиіс. Ежелден солай болған. Ағайын мен туғанның арасын жалғап, әке мен баланың қарым-қатынасына дәнекер болған аналардың абыройы биік, беделі жоғары. Бұл – медиаторлық. Енді модераторлыққа тоқталайық. Отанасы кешкі аста дастархан басында отбасы мүшелерінің басын қосып: «әкесі, бүгін балаң 5 алды, қызың олимпиадаға барайын деп жатыр» деген сияқты жанға жылу сыйлайтын әңгіменің шетін шығарып отырса, отбасының береке-бірлігі мен ынтымағы арта береді. Отбасында ер кісінің атқаратын міндеті – аз, әйел адамдікі – көп деуге болмайды. Отбасының әлеуметтік жағдайын жасау әкенің міндеті болса, шаңырақтың шаттығын шалқыту ананың міндеті. Отбасында сыйластық пен сүйіспеншілік болғанда ғана босаға берік, кереге кең болады. Ақылды ана бала тәрбиесін уысынан шығармайды. Анасының мейірімін сезініп өскен бала ана арқылы айналасына шапағат шуағын шашады. Басқа адамдарға бақыт сыйлайды, өзі де бақытты болады.Бүгінгі таңда отбасының жүгін жалғыз өзі арқалайтын әйелдер көбейген. Олар іштен тынып, күйзеліспен күн кешеді. Осындай келіншектерге көмек көрсету үшін елімізде «Бақытты отбасы» атты 38 орталық құрылған. Осы орталықтар әйелдерге моральдық-психологиялық қолдау көрсетеді. Бірақ мұны қате түсініп, теріс қабылдайтын азаматтар бар. Олар әйелдеріне: «Бар, саған үкімет көмектеседі» деп масыл болуды жалғастыра береді.
Отбасы институтында ер азаматтардың ролі төмендеп кеткен жоқ па?
Отбасы институтының тірегі де, жүрегі де – ер адам. Ислам дініне сәйкес, жас жұбайлар шаңырақ көтерген кезде міндетті түрде шариғат шарты бойынша неке қияды. Некенің мәні ер азаматқа жауапкершілік жүктеу, яғни «біреудің мәпелеп өсірген қызына қорған боламын, оны асыраймын» деген уәдесін алу. Осыдан-ақ отағасы деген сөздің түп-тамыры тереңде екенін түсінуге болады. Бұл отбасы институтында отағасының, ер азаматтың рөлі зор әрі маңызды екенінің белгісі болса керек.Жасыратыны жоқ, біз ұл баланың тәрбиесін босаңсытып, ақсатып алдық. Халқымызда ұлға деген көзқарас бөлек. Ұлы жоқ болса, өзін бақытсыз санайтын отбасылар да бар. «Бұл ұл ғой, тиіспеңдер, қыздар істей салады» деген ұстаным ер балаларды кішкентай кезінен енжарлыққа итермелейді. Апа-қарындастарын сыйлауға, оларға арқа сүйер болуға баулымайды. Ұлдарды өбексіте береді. Ал қызға кететін адам деп қарайды. Негізі ұл баланы жастайынан жұмыс істеуге үйрету қажет. Мінез қиындықтан өткен адамда ғана қалыптасады. Қазіргі ажырасулардың, отбасын ұстай алмайтын еркектердің көбеюінің түбінде тәрбиеден кеткен кемшілік жатыр. Бұрынғы азаматтардың байсалды болғаны сонша, олар тіпті дауыс көтермейтін. Ер кісінің айқайлауы ерсі саналатын. Олар нақты сөйлеп, кесімді пікір білдіретін. Қазіргідей шыңғырып, шіңкілдеп жүрген еркек болмайтын.Қоғамда өзін сыйлата білетін ер кісілердің қатары азайды. Шынымен сыйлы азамат болса, онда ол өз отбасын толығымен қамтамасыз ету мәселесін мойына алуы керек. Осы міндетті атқара алмағандықтан, отбасында ер кісінің рөлі төмендейді. Себебі әйел өзі ақша табатын болса, барлық мәселені өзі шешетін болса, ер адам не үшін қажет? Жатыпішер әкені көрген баланың оған деген көзқарасы өзгереді. Ертең мұндай шаңырақтың ұлы ез болып өседі. Өйткені ол үйінде әкесінің емес, анасының шешім қабылдайтынын көріп өседі және осыны күтіп отырады. Ал қызы барған жерінде күйеуінің айтқанымен жүруге емес, күйеуін өзінің айтқанымен жүргізуге тырысады. Біз ұлдың жауапкершілігін арттыру қажет. Оған қыздарға болашақ ана, біреудің келіні, біреудің жары ретінде қарауды үйрету керек. Әйелдерді жыныстық нысан ретінде емес, ұрпақтың, ұлттың тәрбиешісі ретінде қабылдауды меңгерту қажет.
Отбасы институты және ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтар.
Әкесіз өскен қыз баланың да олқы тұсы болады. Мұндай қыздар еркек пен әйелдің қарым-қатынасын көрмей өседі. Әкені, ер адамды сыйлауды білмейді. Кейін келін болғанда осы мәселемен бетпе-бет келеді. Бала тәрбиесінде әкенің де, ананың да рөлі маңызды. Әрқайсының өз орны бар. Жалғызбасты, ажырасып кеткен әйелдерге қырын қарауға болмайды. Бұл – тағдыр. Олардың әрқайсының артында түйіні тарқамаған мәселе тұр.«Қызға қырық үйден тыйым» деген нақылды айтқанда, «ұят» дегенді де айту керек. Мысалы кейбір елдердің ұғымында «ұят» деген категория жоқ. Бізге бұл ұғым бабаларымыздан мирас болып келе жатыр. Бізді көп нәрседен ұят ұстайды. Ашық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан осы категорияны жоғалта бастадық. Бұл ең бірінші ашық-шашық киінуден басталды. Қыз құпия болуы керек. Қазір кейбір қыздардың сыры да, сыйы да. Бұл ер адамдардың оларға деген құрметін төмендетті. Қыз балаға тәрбие беру ананың міндеті. Мысалы, бір қызы ғана болса, оның дамуына қаражат құяды, бірақ ол «ертең келін болады, ана болады» деген сұраққа бас қатырмайды. Шындап келгенде бұл өз қызына жасалған қастандық. Қыз бойжетеді, ғашық болады, тұрмысқа шығады. Тұрмысқа шыққан соң күйеуінің киімін жуып, тамағын істеу сияқты қарапайым міндет пайда болады. Осыны істі атқара алмайтын қыздар көп. Түйме қадауды білмейтін бойжеткендер бар. Түйме қадай алмаған қыздың бала бағуға шыдамы жете ме?
Отбасы үшін жауапкершіліктің заңнамалық негіздері қалай күшейтілді?
2024 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға бағытталған заңға қол қойды.Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты құқық бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді.Мысалы, 2017 жылы «Ұрып-соғу» бабы Қылмыстық кодекстен алынып тасталған болатын. Енді ұрып-соққан үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған.Заңда неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары қарастырылған. Атап айтқанда, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету; балаларды жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарға құрмет рухында адамгершілік және рухани тәрбиелеуді қамтамасыз ету.Отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың қызметі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Олар аудандар мен қала аудандарында жергілікті атқарушы органдардың шешімімен бюджет қаражаты және өзге де тыйым салынбаған қаражат көздері есебінен құрылады.
Жаһандану және отбасы құндылықтарының ролі туралы.
Жаһандану заманында ұлттық тәрбиеден ажырап қалмау үшін сыртқы құбылысты сыни көзқараспен қабылдау қажет. Қоғам саналы болуы керек. Біз саналы қоғамға әлі жеткен жоқпыз. Көзі тірісінде Әбіш Кекілбаев атамыздан: «Біз қандай қоғам боламыз? Деп сұрағанымызда ол: «Теңізде қатты жел тұрған кезде түбіндегі қоқыстың барлығын алып шығады. Кейін дауыл басылған кезде бетіне шыққан қоқысты жинап, лақтыруға болады» деген. Қазір біз осындай жағдайдамыз. Қоқыс жан-жақтан келіп жатыр. Біз бұдан өтеміз. Тек уақыт, шыдам, сабыр қажет. Қоғамның санасын өзгертуге күш жұмсаған жөн. Өскелең ұрпаққа біздің салт-дәстүріміз өзгелерден озық болмаса, кем емес екенін түсіндіру керек.