
Еділ Оспан, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі.
Қазіргі қоғам жаһандану заманында және цифрлық технологиялар дәуірінде өмір сүріп отыр. Жас ұрпақтың тәрбиесіне, мінез-құлқына құндылықтарына осылар терең әсерін тигізуде. Мұндай қоғамда біліммен қоса тәрбие беру өзектілігі арта түсті.
Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы білім беру ұйымдарында тәрбие жүйесін жаңа сапаға көтерді.
Бағдарламаның басты мақсаты — ұлтымыздың ұлағатты қасиеттерін балалар санасына орнықтыру.
Тәрбие жүйесінде жүйелі зерделеулер жүргізу арқылы басты проблемалар мен олардың себептерін, алдын алу тетіктерін дұрыс айқындау өте маңызды.
Қазір онлайн орта — балалардың мінез-құлқына ең қатты ықпал ететін факторға айналды. Бұл орта ашық, контенті әр алуан және балалар үшін қауіпті ақпараттар көп. Бәрі ашық болғандықтан әлеуметтік кеселдерге, нашақорлық, ойынқұарлық үйрететін контенттер қолжетімді.
Сондықтан ата аналар өз баласының онлайн өміріне бақылау жасауы керек.
ЮНИСЕФ зерттеулері жасөспірімдердің интернет желісіндегі неге қызығатынын, кімдермен жиі байланыс жасайтынын анықтады. Балалар ересек адамдармен қарым-қатынас жасауы жиі кездеседі екен. Ересек адамдар оларды кездесуге шақырады, арандатады. Бұл өте қауіпті.
Балаларды сақтандырудың ең тиімді шешімі – ақпараттандыру, суаттылықты арттыру, сыни тұрғыдан бағалай білуге, ақпараттарды сұрыптауға үйрету. Оң мен терісті, жақсы мен жаманды ажырата білуге машықтандыру. Тәуекелдерді дер кезінде анықтап, көмек көрсету.
Осы мақсаттарда мектептерде Қауіпсіздік сағаттары енгізілді. Әр апта сайын сынып сағаттарының барысында қауіп-қатерлермен таныстыру, сақтану жолдарын жеткізу, әсіресе жасөспірімдер ортасында буллингті болдырмау, сақтандыру басты назарда.
Тиісті кеңес алу үшін әр мектепте 111 GR кодтары бар байланыс телефондары орнатылып жатыр.
Мектептер жанынан Психологиялық қолдау орталықтары құрылуда. Оларды сапалы мамандармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету назарда.
Мектепте, сыныпта психологиялық көңіл-күй жақсы болғанымен, нақты бір балада күрделі проблема, ауытқушылық болуы мүмкін. Сондықтан әр балаға жеке көзқарас жасап, назар салып, жеке қолдау көрсету қазір өте маңызды. Себебі әр адамға жеке, тікелей әсер ететін факторлар көбейді.
Мектеп тек білім беретін емес, баланы қоғамда дұрыс өмір сүруге дайындайтын орта болуы тиіс.
Сабырлы, салиқалы болу, өмірлік тәуекелдерге шыдамды болу, өзіңе пайдалы орта, адал дос таңдай білу өте маңызды. Баланы білім мен тәрбие арқылы ұстаз да, әке-шешесі де осыған үйретуі керек.