Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев жұмыс сапарымен Шиелі ауданына барып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Сапарға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов мен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов қатысты.
Аймақ басшысы алдымен қайта жаңғыртудан өткен Оқшы ата кесенесіне барды. IX–X ғасырларға жататын тарихи ескерткіш Жөлек ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан. Облыс әкімі кесенеде жүргізілген қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, аумақты абаттандыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Одан кейін делегация Алғабас ауылындағы «Жер — Жомарт Д» шаруа қожалығының егістік алқабын көрді. 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылық күріш пен бау-бақша өнімдерін өсіруге маманданған. Биыл мұнда 1256 гектар жерге егін егілген. Оның ішінде 214 гектарға күріш, 175 гектарға бақша өнімдері, 80 гектарға жоңышқа орналастырылған. Шаруашылықта 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аймақ басшысы диқандармен кездесіп, аграрлық саланы дамыту бағытындағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты.
Тұрғындармен кездесу Шиелі кентіндегі «Руханият орталығында» өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру және елді мекендерді көркейту мәселелері талқыланды. Мұрат Ергешбаев қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуда халықтың, ақсақалдар мен қоғам белсенділерінің ұсыныс-пікірлері маңызды екенін атап өтті.
Сапар соңында облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен Шиелі теміржол вокзалын аралады. Жөндеу жұмыстарына 836 миллион теңге жұмсалған. Ғасырдан астам тарихы бар нысан тәулігіне шамамен 200 жолаушыға қызмет көрсетеді. Жалпы аумағы 637 шаршы метр болатын вокзал бүгінде ауданның заманауи сәулетті ғимараттарының біріне айналған.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты сала жетекшілеріне аудан мен елді мекендерді дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктеді.

