Жаңа заң Астананың құқықтық мәртебесін айқындайды, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және қолайлы әрі қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Құжатқа сәйкес, елордаға жергілікті басқарудың ерекше тәртібі бекітіледі. Астана елдің саяси, әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы ретінде дамитын болады, сондай-ақ халықаралық алаң ретіндегі маңызын арттыра түседі.
Заңмен елорда мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері бөлінген. Мәслихат қала құрылысы құжаттарын бекітуге, жер учаскелерін иеліктен шығару мәселелерін келісуге және басқа мемлекеттердің өкілді органдарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға құқылы болады.
Елорда әкімдігі құрылыс пен нысандарды қайта жаңғырту жұмыстарын бақылауға, апатты тұрғын үйлерді бұзуға, қаланың бірыңғай сәулеттік стилін қалыптастыруға және жол қозғалысы сызбаларын әзірлеуге жауап береді.
Сонымен қатар, заңда елорда аумағын, инфрақұрылымын және қала маңы аймағын дамытуға ерекше назар аударылған. Астананың орманды-саябақ аумағы экологиялық, қорғау және рекреациялық функциялары бар аймақ ретінде бекітіледі.