Бұған дейін Мемлекет басшысы Токио губернаторы Юрико Коикэгені қабылдап, оның сапары екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтуінің ерекше символдық мәнін атап өткен еді. Президент оның басшылығымен Токио әлемдегі ең қауіпсіз, ең таза және тиімді басқарылатын мегаполистердің бірі ретінде лайықты беделге ие екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Юрико Коикэ — кәсіби біліктілігі, көрегендігі және өз еліне көпжылдық қызметі арқылы зор құрметке ие болған әлемдік деңгейдегі саясаткер. Мемлекет басшысы сондай-ақ оның Қазақстанның тарихы мен мәдениетін ілгерілетуге қосқан елеулі үлесін атап өтіп, бұл екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға ықпал етіп отырғанын жеткізді.
Президент өткен жылы Жапонияға жасаған ресми сапарын жылы еске алып, сол сапардың нәтижесінде Қазақстан мен Жапония арасындағы қатынастар жаңа даму деңгейіне көтерілгенін айтты. Ол Токиодағы «Ақылды қала» бағдарламасымен танысқанын, оның тәжірибесі Қазақстан үшін ерекше қызығушылық тудыратынын, себебі елде Smart City тұжырымдамасы белсенді түрде енгізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Юрико Коикэнің Астанаға сапары заманауи мегаполистерді басқару саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Токио губернаторы Қазақстан Президентіне жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, елде жүзеге асырылып жатқан реформаларға жоғары баға берді. Ол Қазақстан басшылығының экономика, цифрландыру, жасанды интеллект және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытындағы күш-жігерін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, елеулі экономикалық әлеуеті мен ресурстары бар Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орталық Азиядағы маңызды көлік-логистикалық және іскерлік хаб ретіндегі орнын нығайтып келеді.
Кездесу барысында тараптар цифрлық технологиялар, халықаралық қаржы және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың болашағын да талқылады.
Еске салайық, өткен жылдың желтоқсан айында Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барған еді. Сапар аясында ол Қазақстанмен достық жөніндегі Жапония Парламенттік лигасының мүшелерімен кездесіп, сондай-ақ Жапония императоры Нарухитомен келіссөздер жүргізіп, Күншығыс елі Қазақстан үшін тәртіп, төзімділік және мақсаткерліктің үлгісі екенін атап өткен болатын.
Сонымен қатар Жапония Премьер-министрінің резиденциясында Президентті ресми қарсы алу рәсімі өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаити арасында екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған 14 екіжақты құжатқа қол қойылды.