Маңғыстау облысында мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар балаларға медициналық оңалту көмегін жүйелі түрде дамыту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде өңірде балаларға тәулік бойы және амбулаториялық жағдайда ем-дом көрсететін оңалту орталықтары мен мамандандырылған медициналық ұйымдар желісі жұмыс істейді.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мәліметінше, өңірде шамамен 338 мың бала тұрады, олардың 8118-і мүгедектігі бар балалар санатына жатады. Соның ішінде шамамен 60%-ы неврологиялық, қимыл-қозғалыс және психоневрологиялық бұзылыстарға байланысты медициналық оңалтуды қажет етеді.
Сұраныстың жоғары болуына қарамастан, өңірде балаларды оңалту қызметімен қамту жыл сайын артып келеді. 2025 жылы 3462 бала оңалту емін алған. Оның 772-сі тәулік бойы стационарда емделсе, 2690 бала амбулаториялық жағдайда медициналық көмек алған.
Қазіргі таңда Маңғыстауда балаларға арналған медициналық оңалту тек республикалық деңгейде ғана емес, тікелей өңірдің өзінде де көрсетілуде.
Стационарлық деңгейдегі оңалту орталықтары Ақтау қаласы мен Бейнеу ауданында жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Қамқорлық» орталықтарында, сондай-ақ «Нейрон», «Сеним», «Еркемед» ЖШС-терінде көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, стационарлық ем Түпқараған орталық аудандық ауруханасында, Мұнайлы аудандық ауруханасында және Ақтаудағы «Archimed» кардиология және ішкі аурулар медициналық орталығында жүргізіледі.
Амбулаториялық оңалту қызметтері «Нейрон», «Ясин», «Сеним», «Еркемед» орталықтарында, Ақтау қалалық №1 және №2 емханаларында, Мұнайлы аудандық ауруханасында, Ақтаудағы «Өркениетті келешек» ЖШС-де және Жаңаөзен қаласындағы «Балақай» орталығында көрсетіледі.
Өңірдегі ең ірі орталық — Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы базасында жұмыс істейтін «Қамқорлық» оңалту орталығы.
Мамандардың айтуынша, бұл орталық заманауи жабдықтармен қамтылған және балаларды кешенді емдеуге қажетті толық инфрақұрылымға ие. Мұнда реабилитологтар, неврологтар, психологтар, логопедтер және басқа да мамандар жұмыс істейді. Балаларға физиотерапия, эрготерапия, сенсорлық интеграция, емдік дене шынықтыру, сондай-ақ тұзды және шунгит бөлмелері ұсынылады.
Мамандар ата-аналардың бүгінде балаларын Астана, Алматы сияқты қалаларға міндетті түрде апармай-ақ, емді өз өңірінде алу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Бұл емнің үздіксіз жүргізілуіне және баланың тұрғылықты жерінен ажырамай оңалтудан өтуіне жағдай жасайды.
Сонымен қатар, республикалық орталықтарға жолдама квота негізінде және жоспарлы тәртіппен беріледі. Орын саны шектеулі болғандықтан, барлық өтінім бірден қанағаттандырылмайды.
Мысалы, Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында Маңғыстау облысына ай сайын жас ерекшеліктеріне қарай шектеулі орындар бөлінеді. Осыған байланысты кезек біртіндеп жылжиды.
Дегенмен, мамандар «тек республикалық орталықтарда емделу қажет» деген пікірдің қате екенін айтады. Өңірлік орталықтар да қажетті құрал-жабдықтармен және мамандармен толық қамтамасыз етілген. Ең бастысы — емнің жүйелілігі мен үздіксіздігі.
Барлық балалар медициналық көрсеткіштер мен тіркелген мекенжайы бойынша госпитализация порталы арқылы кезекке қойылады. Кезектілік автоматты түрде қалыптасады.
Өңір тұрғындары да жергілікті оңалту қызметінің сапасына оң баға беріп отыр.
«Ұлым бірнеше жылдан бері “Қамқорлық” орталығында ем алып келеді. Ең маңыздысы — біз енді басқа қалаларға бармай-ақ, Маңғыстаудың өзінде сапалы көмек ала аламыз. Емді үзбей, уақытында өту өте маңызды», — деді облыс тұрғыны Роза Бердібаева.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы балаларға арналған оңалту қызметінің көлемін арттыру және қолжетімділікті кеңейту жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Оның ішінде республикалық орталықтарға квотаны көбейту, төсек-орын қорын кеңейту және инфрақұрылымды дамыту шаралары бар.
Алдағы уақытта Ақтау қаласында 120-дан астам орынға арналған жаңа заманауи оңалту орталығы ашу жоспарланып отыр. Бұл жоба балаларды қамтуды арттырып, кезекті қысқартуға және қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, 2028 жылға арналған өңірлік даму жоспары аясында Маңғыстауда Ұлттық балаларды оңалту орталығының филиалын ашу көзделген.