Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің шағын құрамдағы кездесуі өтті. Келіссөз барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Владимир Путин Қазақстанға 27 мамыр күні мемлекеттік сапармен келді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың екі мемлекет арасындағы одақтастық қатынастарды дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Ресей Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі тіректерінің бірі болып саналады.
– Біз үшін ең бастысы — халықтарымыздың татулығы мен ынтымақтастығы. Барлығымызға бейбітшілік қажет, себебі даму тек тұрақтылық болған жерде жүзеге асады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында стратегиялық серіктестіктің жеті бағыты жөніндегі ортақ құжатқа ерекше тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша келісімдердің маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан Президентіне шақырту үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы достық пен өзара құрмет ғасырлар бойы қалыптасқан берік байланысқа негізделгенін жеткізді.
— Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін. Біздің бүгінгі кездесуіміз өте нәтижелі болады, — деді Ресей президенті.
Айта кетейік, Астанада Еуразиялық экономикалық форум мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді. Іс-шараға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қатысады.