Қызылорда облысында Дүниежүзілік тазалық күніне орай қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Акцияға Құрылтай депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еріктілер, эко-белсенділер, жастар ұйымдары мен студенттер қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендерді қоқыстан тазарту және қоршаған ортаның жағдайын жақсарту.
Осы күні облыстың барлық елді мекенінде сенбіліктер ұйымдастырылып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Қызылорда қаласындағы «Қайсар Арена» стадионы аумағында да тазалық жұмыстары мен ағаш отырғызу шарасы өтті.
Облыс әкімі «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңірде көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Тазалық әр үйден, әр ауладан, әр елді мекеннен басталады. Сондықтан табиғатты қорғау ісіне мемлекеттік мекемелермен қатар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар және әрбір тұрғын белсенді атсалысуы маңызды», – деді Мұрат Ергешбаев.
Іс-шара барысында Құрылтай депутаты Ирина Тен экологиялық жауапкершілікті арттыру және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Облыс бойынша бүгінгі акцияға 12 мыңға жуық адам қатысып, 1750-ге жуық тал егілді.
Жыл басынан бері өңірдегі тазалық шараларына 328 800 ерікті, қоғам белсендісі, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкері қатысты. Осы уақыт ішінде 8741 тонна қоқыс шығарылып, 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, 1897 өнеркәсіп және бизнес нысаны, сондай-ақ көшелердің бойы тазартылды. Жұмыстарға 548 арнайы техника жұмылдырылды.



