Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, мәдениет саласының ардагерлері, өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері бас қосты.
Іс-шара барысында ұлттық руханиятты сақтау мен дамыту мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді. Өңірдің мәдениет және өнер саласы қызметкерлері Қорқыт атадан бастау алатын мол мұраны, жыраулық дәстүрді және өнер құндылықтарын дәріптеп, ел руханиятының дамуына үлес қосып келеді.
Соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілсе, оның 22-сі мәдениет саласына тиесілі. Барлық аудандарда «Руханият орталықтары» ашылып, Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» және «Отбасы орталығы» халық игілігіне қызмет етуде. Сонымен қатар тарихи-өлкетану музейі мен «Достық үйінің» жаңа ғимараттары бой көтерді. Жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында «Оқушылар сарайы» мен «Сыр жұлдыздары» академиясы жұмысын бастады.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс орталығында жаңа драма театры мен Президенттік кітапхананың құрылысы жүргізілуде. Биыл мәдениет саласын дамытуға 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Өз сөзінде облыс әкімі мәдениет пен өнердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, ұлттық мұраны сақтау мен рухани құндылықтарды дәріптеу жолында еңбек етіп жүрген сала мамандарына алғыс білдірді. Сондай-ақ шығармашылық табыс, шабыт пен амандық тіледі.
Мерекелік шара аясында мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Олардың қатарында «Құрмет» ордені, «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар бар. Сонымен бірге сала мамандарына ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хаттары табысталды.
Сыр өңірінің мәдениеті мен руханиятының өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға облыстың Құрмет грамоталары мен облыс әкімінің Алғыс хаттары берілді. Дәстүрлі «Тұран» сыйлығы биыл әдебиет пен өнер саласында табысқа жеткен 19 шығармашылық өкілінің еншісіне бұйырды.
Мерекелік концертте Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Томирис» би ансамблі, «Қорқыт сазы» қобызшылар тобы, вокалдық ұжымдар мен өңір өнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен қатар халықаралық деңгейде танылған әншілер классикалық шығармаларды орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында қатысушылар өңірдің мәдени келбетін танытатын арнайы көрмені тамашалады. Онда тарихи жәдігерлер, қолөнер шеберлерінің туындылары мен жергілікті өнер иелерінің шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.






