SpaceX компаниясы өздерінің жаңа буындағы Starship V3 зымыранының 12-ші сынақ ұшуын екінші әрекетте сәтті жүзеге асырды. Миссия қорытындысы бойынша аппарат Үнді мұхитына сәтті қонды.
Адамзат жасаған ең ірі зымыранның ұшырылуы 23 мамырға қараған түні АҚШ-тың Техас штатындағы ғарыш айлағынан жүзеге асырылды. Тікелей трансляция Илон Маскқа тиесілі X әлеуметтік желісінде көрсетілді.
Ұшу барысында Starship V3 ғарышқа шығып, шамамен бір сағат бойы орбиталық кеңістікте болды және кейін басқарылатын түрде Үнді мұхитына қонды. Бұл кезде жүйе алты қозғалтқыштың біреуі істемей қалғанына қарамастан жұмысын жалғастырды. Super Heavy үдеткішінен бөлінгеннен кейін аппарат инерция күшімен қозғалысын жалғастырған.
Бұл ұшу Starship бағдарламасы аясындағы 2025 жылдың қазан айынан бергі алғашқы сынақ болды. Айта кетейік, жүйенің алғашқы сынақтары 2023 жылдың сәуір айында өткізіліп, ұшырылымнан бірнеше минут өткен соң жарылыспен аяқталған болатын. Кейін V2 нұсқасының бірқатар сынақтары да сәтсіз өткен. Ал V3 моделінің алғашқы ұшыру әрекеті 22 мамыр күні кері санаудың соңғы секундтарында техникалық ақауға байланысты тоқтатылған еді.