Қарағанды 2028 жылы ТМД-ның Жастар астанасы атанады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындары үшін қуанышты жаңалықпен бөлісті. Тиісті шешімді ТМД елдері Үкімет басшыларының кеңесі қабылдады.
Өңір басшысының айтуынша, бұл — Қазақстанның халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіне берілген жоғары баға және Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жастарды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Қарағанды облысы үшін бұл мәртебе — өңірдің әлеуеті мен жетістіктерінің үлкен мойындалуы.
Бүгінде өңірде 303 мыңнан астам жас азамат тұрады. Олар еріктілік, білім, ғылым, кәсіпкерлік және қоғамдық бастамаларды дамытуға белсене атсалысып келеді. Жаңа мәртебе Қарағандыға халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және ауқымды жастар жобаларын жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер береді.
Әкім бұл ірі халықаралық жобаны өңір лайықты деңгейде өткізетініне сенім білдіріп, облыс тұрғындары мен Қазақстан жастарын маңызды оқиғамен құттықтады.