«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыру аясында экотуризмді дамытуға және ұлттық парктердің инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырмалар берілді.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру барысын мониторингілеу орталығының отырысында экотуризмді дамыту және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқарудың тиімділігін арттыру бойынша негізгі шаралар талқыланды.
Мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы жер көлемі 30,9 млн гектарды құрайды. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде 179 туристік маршрут пен 42 жаяу соқпақ жұмыс істейді. Сонымен қатар туристер санының артуы байқалады: 2023 жылы парктерге 2,4 млн адам келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,7 млн адамға жеткен.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, ұлттық парктерде жалпы инвестиция көлемі 16 млрд теңгеге дейін жететін экотуризмді дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Жұмыстар Іле-Алатау ұлттық паркінде, сондай-ақ «Алтын-Емел» және «Шарын» парктерінде жүргізілуде.
«Таза туризм» бағдарламасы аясында парктер аумақтарында ақпараттық стендтер, қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер, қайта өңделген пластиктен жасалған эко-орындықтар орнатылып, келушілерге биоыдырайтын пакеттер ұсынылуда. Бұл шаралар экологиялық жүктемені азайтуға және жауапты туризм мәдениетін дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ ұлттық парктерге бару үдерісін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық ұлттық парктер банктік сервистер арқылы онлайн төлем жүйесіне қосылған, ресми сайттарда төлем жасауға арналған QR-кодтар орналастырылған. Бес ұлттық паркте өз қаражаты есебінен тоғыз бақылау-өткізу бекеті автоматтандырылған. Бұл келушілерді есепке алу мен түсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Премьер-министр экотуризмді дамытудың экологиялық қауіпсіздік пен инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтитын жүйелі тәсілін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ экотуризм туризм саласындағы ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі екені, оның әлемдік нарығы 2034 жылға қарай 660 млрд АҚШ долларынан асуы мүмкін екені айтылды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ластанудың алдын алу және қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бойынша шараларды күшейту тапсырылды. Сонымен қатар туристік қызметтен түсетін кірістер есебінен экологиялық соқпақтар, демалыс аймақтары және басқа да инфрақұрылым нысандарын дамыту міндеті қойылды.
Отырыс барысында «Іле-Алатау», «Алтын-Емел» және «Шарын» ұлттық парктерін абаттандыру мәселесі де көтерілді. Бұған дейін жүргізілген жұмыстар жеткілікті нәтиже көрсетпегені және одан әрі дамытуды қажет ететіні атап өтілді.
Осыған байланысты ірі бизнесті тарта отырып, табиғи аумақтарды абаттандыру жобаларына қатыстыру бойынша консультациялар өткізу тапсырылды. Сондай-ақ бірыңғай дизайн-кодты бекіту және жұмыстарды орындаудың нақты кестесін әзірлеу қажеттігі атап өтілді.
Тиісті ұсыныстарды дайындап, ағымдағы жылдың маусым айында өтетін Орталықтың келесі отырысында қарау тапсырылды.