«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Семей қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға және оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда.
Прокурорлар жасөспірімдерге құқықбұзушылық жасаған жағдайда заң алдында жауапкершілік бар екенін еске салып, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін сақтау және заңсыз әрекеттердің салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жыл басынан бері облыс орталығында мектеп оқушылары тарапынан 29 құқықбұзушылық тіркелген, оның ішінде ұрлық жасау және дене жарақатын келтіру фактілері бар. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған құқықбұзушылықтар санының артқаны да байқалады.
Осыған байланысты жасөспірімдерді спорт және шығармашылық үйірмелеріне тарту бойынша алдын алу шаралары қолға алынуда. Қалалық прокуратураның бастамасымен футзал секцияларына 50 тегін орын бөлінді. Бұл бастама жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Сонымен қатар прокуратураның бастамасымен «Елімай» футбол клубы оқушыларға 300 билет таратты, сондай-ақ 50 балаға футбол секциясына тегін қатысу мүмкіндігі берілді.
Семей қаласының прокуроры Мейіржан Қалиасқаров мұндай шаралар жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Елімай» футбол клубының ойыншысы Асан Байғалиев спорттың тұлға дамуына әсері зор екенін айтып, жасөспірімдерді өздеріне ұнайтын кез келген спорт түрімен айналысуға шақырды.