Астанада Кенесары көшесі, 14-үй мекенжайында орналасқан тарихи спорт аренасының орнында салынған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы заманауи жабық стадионның ашылуы өтті. Жаңа нысан елордадағы негізгі спорттық инфрақұрылым нысандарының біріне айналып, қаланың футбол саласын дамытуға серпін беруге бағытталған.
Стадион UEFA талаптарының 2-санатына және Қазақстан футбол федерациясының 4-санатына сәйкес келеді. Бұл жерде ресми матчтар мен түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге, сондай-ақ ауа райына қарамастан жыл бойы жаттығу үдерісін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Кешеннің орталығында FIFA және UEFA стандарттарына сай 105×68 метр көлеміндегі толық өлшемді футбол алаңы орналасқан. Стадион 3598 көрерменге арналған, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындар да қарастырылған. Нысан инфрақұрылымына трибуналар, VIP-аймақтар, БАҚ өкілдеріне арналған бөлмелер, VAR бөлмесі, телестудиялық кешен, командалар мен төрешілерге арналған киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық блок, қоғамдық тамақтану аймақтары және әкімшілік бөлмелер кіреді.
Жоба тек құрылыс жұмыстарымен шектелмей, толық техникалық жабдықтауды да қамтыды. Стадионда заманауи спорттық жарықтандыру, бейнебақылау, қауіпсіздік, кіруді бақылау және билет өткізу жүйелері орнатылған.
Құрылыс жұмыстары BI Engineering & Construction компаниясымен мемлекеттік қолдау аясында, қайтарылған активтер есебінен құрылған Арнайы мемлекеттік қор қаражаты арқылы жүзеге асырылды.
Ашылғаннан кейін стадион базасында 8 бен 18 жас аралығындағы шамамен 750 бала мен жасөспірімге арналған мамандандырылған олимпиадалық резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмысын бастайды. Жаңа кешен елордада жас спортшыларды даярлаудың және балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудың тұрақты орталығына айналмақ.
Жоба жетекшісі Дархан Байдалиннің айтуынша, мұндай нысандардың салынуы бұқаралық спортты дамытуға және қазақстандық жаңа буын футболшыларын тәрбиелеуге ықпал етеді. Жабық конструкциясының арқасында стадион климаттық ерекшеліктерге қарамастан жыл бойы үздіксіз жұмыс істей алады.
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион Астананың спорттық өмірінің маңызды орталығына айналып, жас спортшыларды даярлау, ресми матчтар өткізу және бұқаралық футболды дамытуға кең мүмкіндік береді.