Қызылорда қаласында қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың 80 жылдық мерейтойына арналған облыстық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, мерейтой иесінің өңірдің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Конференцияға зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ Алмагүл Божанованың туыстары мен замандастары қатысты. Сонымен қатар, онлайн формат арқылы Қызылорда қаласының әкімі мен облыстың барлық аудан әкімдері байланысқа қосылды.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Алмагүл Божанқызының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды.
– Алмагүл Божанқызы – білімімен, елге деген адалдығымен және белсенді азаматтық ұстанымымен мемлекет дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлға. Еңбек жолын білім беру және тәрбие саласынан бастап, кейін қоғамдық-саяси қызметте де өзін көрсете білді. Ол еңбекқорлық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналды. Тәуелсіздік жылдарында Тереңөзек ауданының алғашқы әйел әкімі ретінде ел тарихында өзіндік із қалдырды. Ел үшін күрделі кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай еңбек етіп, өңірдің негізгі көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатардан көрінуіне ықпал етті. Туған жері мен халқына адал қызмет еткен азаматтың есімі халық жадында мәңгі сақталады, – деді аймақ басшысы.
Конференция барысында Алмагүл Божанованың ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік саланы жетілдіру, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асырған бастамалары кеңінен сөз болды. Оның қызметінің арқасында бірқатар елді мекендердің өндірістік әлеуеті артып, тұрақты дамуына негіз қаланғаны атап өтілді.
Алмагүл Божанқызы облыстық мәслихаттың депутаты және хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласты. Сонымен қатар, азаматтық қоғам институттарының дамуына үлес қосқан «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі болды.
Конференцияда Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, қоғам қайраткерлері Нажмадин Мұсабаев пен Әріп Қожбанов, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа және филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева сөз сөйлеп, Алмагүл Божанқызының өмір жолы мен еңбек қызметі туралы естеліктерімен бөлісті.
Айта кету керек, Алмагүл Божанқызы мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегі үшін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ оған Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағы берілген. Өңірдің рухани өмірінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырған ол «Ердің бағын жандырған ер Балдырған», «Сыр елім – жерұйығым» секілді онға жуық кітаптың авторы ретінде танымал.