Қарағанды қаласында тау-кен өнеркәсібіне арналған жаңа өндірістік цех пайдалануға берілді. Жоба пайдалы қазбаларды өңдеуге арналған технологиялар мен жабдықтар өндіру саласында 140 жылдан астам тәжірибесі бар халықаралық компанияның қатысуымен жүзеге асырылды.
Жаңа кәсіпорында жоғары қысымды валкалы престерге арналған бандаждар өндіріліп, өндірістік жабдықтарға сервистік қызмет көрсетіледі. Инвестициялық жобаның жалпы құны 10,2 миллиард теңгені құрады. Нәтижесінде өңірде 134 жаңа жұмыс орны ашылады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және бизнес қауымдастық мүшелері қатысты. Жобаның іске қосылуы инженерлік әлеуетті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және өңірдің өнеркәсіптік мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді.
Кәсіпорын қызметінде экологиялық жауапкершілікке де ерекше мән берілген. Өндірістік үдерістер заманауи экологиялық талаптарға сай ұйымдастырылып, 2030 жылға дейін өнеркәсіптік шығарындыларды азайтуға бағытталған технологияларды қолдану көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласында қалдықтарды энергияға айналдыратын заманауи зауыт салу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.