Қызылордада аяқсу тапшылығын жою және қалаішілік суару жүйесін жаңғырту мәселелері облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте қаралды. Жиында өңір басшысы жауапты сала өкілдеріне бірқатар нақты міндеттер жүктеп, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарын бекітті, деп хабарлайды kundelikinfo.kz.
Бүгінгі таңда облыс орталығында аяқсу жеткізу жұмыстары он бес нүктеде орналасқан жиырма екі насос қондырғысы арқылы жүзеге асырылуда. Оның ішінде төрт қондырғы ағымындағы жылы енгізіліп отыр. Қалаішілік арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 98,8 шақырымды құрап, сексен сегіз көшені қамтиды. Атап айтқанда, «Жібек жолы», «Сарқырама» және «Қызылжарма» каналдары арқылы он төрт шақырымнан астам үлкен лоток жүйесі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, отыз тоғыз көшеде алпыс сегіз шақырымнан астам кіші лотоктар орнатылса, жиырма алты көшеде он бес шақырымдық лотоксыз арық жүйесі сақталған. Қала ішіндегі арықтарға су алты аумақтағы насос қондырғылары арқылы таратылады.
Мәжіліс барысында облыс әкімі су ресурстарына толық талдау жүргізіп, қалаға қажетті көлемді нақтылау қажеттігін баса айтты.

Су ресурстарына толық талдау жүргізіп, қалаға қажетті көлемді нақтылап, келесі жылға су беру мүмкіндігін қарастыру маңызды. Әуежай маңы мен Белкөл кентіне кіреберіс аумақтардағы жасыл белдеуге аяқсу тұрақты берілуі және тал отырғызылуы керек», – деді Мұрат Ергешбаев
Сондай-ақ өңір басшысы арық жүйелерін толық түгендеп, су жетпейтін учаскелерге қатысты нақты жобалық және қаржылық ұсыныстар енгізуді тапсырды. Аяқсумен қамтылған аумақтарды кезең-кезеңімен ұлғайту үшін арнайы жоспар әзірлеп, жаңа көшеттер отырғызу және оларды суару жұмыстарын сапалы ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді.
Алдағы атқарылатын шаруалар қатарында №217 мектеп ауласындағы су ұңғымасын жөндеу де бар. Бұл нысан қайта іске қосылған соң Қорқыт ата көшесінің бір бөлігін аяқсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, су жеткізілген аумақтарды көгалдандыру мақсатында Мұстафа Шоқай, Қожа Ахмет Яссауи және Дінмұхамед Қонаев көшелерінің бойына жаңа көшеттер отырғызу жоспарланып отыр.
