Қызылорда облысының Шиелі ауданында қуаты 20 МВт болатын жаңа күн электр станциясы іске қосылды. Жобаны «Vigor Holding» компаниясы жүзеге асырған. Нысанды іске қосу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, компания өкілдері және жобаны қаржылай қолдаған Қазақстанның Даму Банкінің өкілдері қатысты.
Жаңа нысан өңірдегі жаңартылатын энергетика саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың бірі. Қазақстанның Даму Банкінің мәліметінше, «VIGOR Holding» компаниясының Қызылорда облысында жалпы қуаты 70 МВт болатын күн электр станциялары паркін салу жобасы қаржыландыруға мақұлданған.
Қазір Қызылорда облысында жалпы қуаты 151 МВт болатын 11 күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта өңірде қуаты 225 МВт-тан асатын тағы жеті күн электр станциясын іске қосу жоспарланған.
Атап айтқанда, Арал және Жаңақорған аудандарында қуаты 30 МВт болатын күн электр станцияларының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қызылорда қаласында 15 МВт, ал Шиелі ауданында қуаты 60 МВт болатын екі күн электр станциясын салу жобалары әзірленуде.
Бұдан бөлек, «ҚызылордаЭнерджиГаз» мекемесінің қуаты 10 МВт күн электр станциясының құрылысы да жоспарланған. Осы жобалардың іске асуы өңірдегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.