default
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қаладағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Соңғы жылдары қолға алынған бірқатар ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталуда.
Аймақ басшысы алдымен Тасбөгет кентіндегі жол жөндеу жұмыстарын аралады. «УАД» серіктестігі жүзеге асырып жатқан жобаға 5,1 млрд теңге бөлінген. Жоба аясында 4,4 шақырым жол жөнделіп, Есенов және Амангелді көшелері төрт жолаққа дейін кеңейтілуде.
Жол бойына жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, су ағатын лотоктар орнатылуда. Сонымен қатар жаңа асфальт-бетон төселіп, заманауи жарықтандыру жүйесі іске қосылады.
Бұдан бөлек, «Бәйтерек» шағын ауданын қала орталығымен байланыстыратын маңызды нысан – оңтүстік магистральды каналы арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді. Ұзындығы 53 метр, ені 7 метр болатын екі жолақты көпір толық жарықтандырылған.
Нысанның құрылысын «Асанас-Дар» серіктестігі жүргізді. Көпірдің беріктігі мен сапасы Жол активтері сапасы ұлттық орталығының жылжымалы зертханасы арқылы арнайы тексеруден өткізілді. Жаңа нысан шағын аудан тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ облыс әкімі Сағымбаев көшесін Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Ұзындығы 2,174 шақырым болатын учаске төрт жолақты жолға кеңейтілуде.
Жоба көлік ағынын реттеп, әсіресе қарбалас уақытта туындайтын кептелісті азайтуға бағытталған. Жол бойында жаяу жүргіншілер жолы салынып, заманауи жарықтандыру бағаналары орнатылды. Құрылыс жұмыстарын «Қыран» серіктестігі жүргізіп, жобаға 1 млрд 592 млн теңге қарастырылған.
Айта кетейік, 2022–2026 жылдары облыста 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салуға және күрделі жөндеуге шамамен 185,8 млрд теңге бөлінді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайыздан 95 пайызға дейін өсті.



