Қызылорда облысында коммуналдық қызметтер үшін бірыңғай төлем құжатын енгізу және оның жұмысына қатысты тұрғындардың шағымдары облыс әкімдігінде қаралды. Мәселе облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды.
Биылдан бастап өңір тұрғындары электр энергиясы, жылу, ауызсу, кәріз жүйесі және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметтері үшін төлемді «АЛСЕКО» есеп айырысу орталығы арқылы жүргізіп келеді.
Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – коммуналдық төлемдерді бір жерге шоғырландырып, есеп айырысу үдерісін жеңілдету, сондай-ақ қызмет көрсету сапасы мен ашықтығын арттыру.
Алайда бірыңғай төлем құжатына байланысты тұрғындар тарапынан бірқатар сұрақ пен шағым түсуде. Олардың қатарында электр энергиясы төлемінің бұрынғыдан жоғары болуы және кейбір коммуналдық ұйымдардың бір қызмет үшін жеке әрі «АЛСЕКО» арқылы қайталама есепшот ұсынуы мәселелері бар.
Осыған байланысты жауапты басқармалар мен қала және аудан әкімдіктеріне жаңа жүйенің жұмыс тәртібін тұрғындарға бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен түсіндіру тапсырылды.
Сонымен қатар «Қызылорда жылу-электр орталығы», «Қызылорда су жүйесі» және «Қызылорда тазалығы» мекемелері төлем құжаттарын бірыңғай жүйе арқылы ұсынуы қажет. Ал «АЛСЕКО» есеп айырысу орталығы жүйенің жұмысын қайта тексеріп, анықталған кемшіліктерді жоюы тиіс.
Жиында коммуналдық қызметтер бойынша енгізілетін көрсеткіштердің тұрғындарға уақытылы әрі ашық көрсетілуі, сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен шағымдарына жедел жауап беру қажеттігі айтылды.
«АЛСЕКО» компаниясының коммерциялық директоры Алексей Бозжановтың айтуынша, туындаған мәселелердің бір бөлігі тұтынушылардың берешегі мен мекенжай деректерінің дұрыс көрсетілмеуіне байланысты.
Осыған орай коммуналдық мекемелердің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерді өзара сәйкестендіріп, мекенжай деректерін нақтылау бойынша тиісті тапсырмалар берілді.


