Отбасы күніне орай «Отбасы орталығында» тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Шара барысында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Гауһар», «Алтын», «Лағыл», «Інжу» және «Күміс той» мерейтойларына жеткен отбасылармен, сондай-ақ жас шаңырақ иелерімен жүздесті.
Кездесуде отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық пен түсіністікті нығайту мәселелері сөз болып, ұзақ жылдар бойы береке-бірлігін сақтап келе жатқан жанұяларға құрмет көрсетілді.
Облыс әкімі өз сөзінде отбасының қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, берік шаңырақ пен саналы ұрпақ тәрбиесі елдің тұрақты дамуының негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ өңірде отбасыларды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Бүгінде облыста 17,5 мыңға жуық көпбалалы отбасы тұрақты мемлекеттік қолдауға ие.
Кездесу барысында өнегелі отбасылар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, алты баланың әкесі, 24 немере және төрт шөбере тәрбиелеп отырған, «Алтын тойға» жеткен Шындалы Әбдіраманов отбасы татулығы мен бала тәрбиесінің маңызы туралы ой айтты.
Ал бес баланың анасы, сегіз немеренің әжесі Мархабат Шынарбаева ұрпақтар сабақтастығы жөніндегі пікірін білдірді. Жас отбасылар атынан сөз алған Алтынбек Ләзи шаңырақтағы өзара түсіністік, жауапкершілік пен қолдаудың маңызын атап өтті.
Шара соңында қатысушыларға облыс әкімінің құттықтау хаттары, гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталып, мерекелік әндер орындалды.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 141 мыңнан астам отбасы бар, оның 48 мыңнан астамы – көпбалалы жанұялар. Соңғы төрт жылда тұрғындарға 8 мыңға жуық пәтер берілген. Ал 2026–2027 жылдары 6200-ден астам пәтер табысталып, 25 мыңға жуық азаматтың баспана мәселесін шешу жоспарланып отыр.
Өңірде отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақ тәрбиесін қолдау бағытында «Анаға тағзым» және «Отбасы орталығы» жүйелі жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар аудандардағы «Руханият орталықтары» жас отбасыларға қолдау көрсетіп, маңызды әлеуметтік және рухани бастамаларды жүзеге асыратын алаңға айналып келеді.



