Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 сәуір, сенбі күні Astana LRT жүйесінің жұмысын ресми түрде іске қосты. Жаңа желінің алғашқы жолаушысы Мемлекет басшысының өзі болды — ол «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін жүріп өтті.
Сапар барысында Президент LRT жүйесін қоса алғанда, елордадағы қоғамдық көліктің жұмысын бақылау және үйлестірумен айналысатын Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жеңіл рельсті көлікке қызмет көрсету үшін арнайы диспетчерлік қызмет құрылған. Мониторинг және басқару жүйесіне 21 маман тартылған. Әрбір пойыз 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға арналған. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 15 пилотсыз құрам қатынайды, тағы 4 пойыз резервте болады.
Қозғалысты басқару, жылдамдықты арттыру мен тежеу, есіктерді ашу, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер толықтай автоматтандырылған. Сонымен қатар, қолмен басқару және диспетчермен жедел байланыс орнату мүмкіндігі де қарастырылған.
Жоба инфрақұрылымына 18 станция мен заманауи депо кіреді. Бүкіл бағыт бойынша жол жүру уақыты шамамен 40 минутты құрайды, ал пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 50–60 шақырым болады. Қозғалыс аралығы 5–6 минутты құрайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев LRT жүйесінің іске қосылуы Астана үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, болашақта елорда Еуразиядағы ірі көлік хабына айналуы тиіс. Президентке сондай-ақ 001 сериялық нөмірі бар көлік картасы табысталды.
Сонымен қатар, Астанада LRT жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру мәселесі де пысықталып жатыр. Жаңа желілерді «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» тұрғын алабы және Қосшы қаласы бағыттарында салу жоспарланған. Екінші кезеңнің жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайды, онда 20 станция орналаспақ.
Мемлекет басшысы жобаға қатысып жатқан CTS Transportation, Astana LRT компанияларының қызметкерлеріне және құрылысқа атсалысып отырған қытайлық компания өкілдеріне алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.