Бүгін Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан 10 тұрғын үй кешеніндегі 600 пәтердің кілтін табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Соңғы жылдары Сырдария өзенінің сол жағалауы қарқынды дамып келе жатқан жаңа шағынаудандардың біріне айналды. Мұнда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың саны жыл сайын артып, заманауи инфрақұрылым қалыптасуда.
Қазіргі таңда сол жағалауда 169 нысан орналасқан. Оның ішінде 136 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Сонымен қатар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 20 әлеуметтік және 13 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр.
Бүгінде аумақта 47 құрылыс нысаны салынып жатыр. Оның 25-і тұрғын үй болса, 20-сы кәсіпкерлік бағыттағы ғимараттар. Бұдан бөлек, бір аурухана мен бір емхананың құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ жол қозғалысын жеңілдету үшін Иса Тоқтыбаев көшесінен сол жағалауға өтетін төрт жолақты жаңа көпір салу жоспарланған.
Жаңа аудан халқының саны 25 мыңнан асқан. Мұнда мектептер, балабақшалар, сауда орындары мен қоғамдық көлік жүйесі тұрғындардың қажеттілігіне сай қызмет көрсетуде. Бүгін баспаналы болған азаматтар да осы шағынаудан тұрғындарының қатарына қосылды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өңірде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ірі жобалардың жүзеге асып жатқанын айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолжетімді баспанамен қамту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өткен болатын. Бүгін жалпы аумағы 33 мың шаршы метрден асатын 600 пәтерді тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табыстап отырмыз. Бұл кешендерде футбол алаңдары, балалар ойын және спорт алаңдары, демалыс орындары, автотұрақ пен коммерциялық нысандар қарастырылған. Алдағы уақытта да қала келбетіне көрік беретін жаңа тұрғын үйлер бой көтере береді, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы өңірдегі құрылыс саласының әлеуетін арттырып, мамандардың кәсіби біліктілігін нығайтуға оң әсер еткенін жеткізді.
Аймақта баспана салу қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 55 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 2400 пәтер тапсыру жоспарланған.
Шара барысында Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов құттықтау сөз сөйлеп, ел ағасы Имамадин Зәкірұлы ақ батасын берді. Сонымен қатар тұрғын үйлердің сапалы салынуына үлес қосқан құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
