Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту мәселелері басты тақырыптардың біріне айналды. Саясаттанушы Ерсұлтан Жансейітовтің пікірінше, бұл ұйым аясындағы ынтымақтастықтың енді тек мәдени және тарихи жақындықпен шектелмей, технологиялық әрі институционалдық бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан мен Түркияның әлеуеті бір-бірін толықтыра түседі. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде Қытай, Ресей, Каспий аймағы мен Еуропаны байланыстыратын маңызды транзиттік хаб саналады әрі табиғи ресурстарға бай мемлекеттердің бірі. Ал Түркия өндірістік әлеуеті жоғары, Қара және Жерорта теңіздеріне шығатын жолы бар, Еуропа, Таяу Шығыс және түркі әлеміндегі ықпалды елдердің қатарында. Осы артықшылықтар екіжақты стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға негіз болып отыр.
Маман инвестициялық ынтымақтастықтың да маңызы зор екенін атап өтті. 2005 жылдан бері Түркия Қазақстан экономикасына 6 миллиард доллардан астам инвестиция құйып, жүзге жуық бірлескен жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар соңғы жылдары қазақстандық инвестициялардың Түркияға бағытталуы күшейген. 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 1 миллиард долларға жеткен. Бұл Түркияның тек инвестиция көзі ғана емес, қазақстандық бизнес үшін Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка нарықтарына шығатын алаңға айналып келе жатқанын аңғартады.
Сарапшының сөзінше, қазіргі таңда IT, жасанды интеллект, білім беру және денсаулық сақтау салаларына ерекше көңіл бөлінуде. Astana Hub пен түркиялық ARDVENTURE холдингі арасында жасалған меморандум бірлескен стартаптарды дамытуға және Орталық Азия мен MENA аймағы нарығына шығуға мүмкіндік береді.
— Режеп Тайип Ердоғанның Астанаға сапары Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстың жаңа кезеңге өткенін көрсетті. Екі ел арасындағы тарихи және бауырластық қатынас өз маңызын сақтайды, алайда ендігі басты назар сауда, инвестиция, энергетика, логистика, технология және өнеркәсіптік кооперацияға аударылып отыр. Бұл жай ғана дипломатиялық кездесу емес, Астана мен Анкара арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам, — деді Ерсұлтан Жансейітов.
Бұған дейін Философия, саясаттану және дінтану институтының Цифрлық әлеуметтік ғылымдар орталығының жетекшісі Рүстем Мұстафин Түркі мемлекеттері ұйымына не үшін жеке цифрлық экожүйе қажет екенін түсіндірген болатын.