2024 жылы Астанаға 1,5 миллион турист келген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға жоғары. Бұл туралы елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Акимжанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Астанаға келетін туристердің басым бөлігі Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Корея елдерінен келеді. Қалада іскерлік туризм, медициналық туризм және оқиғалық туризм белсенді дамып жатыр. Сонымен қатар гастрономиялық және мәдени-спорттық туризм бағыттарына да ерекше көңіл бөлінуде.
2024 жылы елордада 168 халықаралық іс-шара өтті. Олардың қатарында ШЫҰ саммиті, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Automechanika, Enactus және Comic Con сияқты ауқымды шаралар бар.
Ал 2025 жылы Астанада 300-ден астам мәдени және спорттық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Қаладағы туризмді тұрақты дамыту үшін халықаралық іскерлік және оқиғалық іс-шараларды тарту, сондай-ақ медициналық және гастрономиялық туризмді дамыту негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.
2025 жылдың ақпан айында елордада «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы ашылды. Орталықтың басты мақсаты — Астананы Орталық Азиядағы іскерлік және оқиғалық хаб ретінде дамыту.