15 қыркүйектен бастап Астанада бірқатар мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар жаңа жұмыс кестесіне өтеді. Өзгерістер қарбалас уақыттағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған және қаланың орталық бөлігінде орналасқан мекемелерді қамтиды.
Әкімдік шешіміне сәйкес, коммуналдық қызметтер мен елорда әкімдігінің жұмыс күні таңғы сағат 07:30-да басталады. Ал кейбір мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар үшін жұмыс уақыты 07:30 бен 08:00 аралығында басталмақ. Осыған байланысты олардың жұмыс күні аяқталатын уақыт та өзгереді.
Сонымен қатар жеке компаниялардың, мектептердің, балабақшалардың, медициналық мекемелердің, ХҚКО-лардың және басқа да әлеуметтік нысандардың жұмыс кестесі өзгеріссіз қалады. Әкімдік мәліметінше, бірқатар министрліктер мен мемлекеттік органдар қазірдің өзінде жұмысын сағат 08:00-де бастап келеді.
Бұдан бөлек, автотұрақ ережелерін бұзуға қатысты бақылау күшейтіледі. Қозғалысқа кедергі келтіретін көліктер айыппұл тұрағына эвакуацияланады.
Еске салсақ, жұмыс күнінің басталу уақытын өзгерту мүмкіндігі туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек маусым айында айтқан болатын. Кейін бұл бастаманы Мәжіліс те қолдады. Депутат Асылбек Нұралиннің сөзінше, жұмыс күнін ертерек бастау жолдардағы жүктемені азайтып, таңғы уақыттың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.