Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарының тұрғындарымен кездесуі өтті. Жиында елді мекендердің инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.
Тұрғындар көтерген негізгі мәселелердің бірі – ауылдарды табиғи газбен қамту.
Шіркейлі ауылын газдандыруға биыл 400 млн теңге бөлінді. Жоба аясында 47,5 шақырым газ құбырын тартып, 4 газ реттеу пунктін орнату жоспарланған. Жұмыс аяқталған соң 523 үйдегі 2 689 тұрғын «көгілдір отынға» қол жеткізеді.
Ал Қоғалыкөл ауылын газдандыру жобасының жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Биыл осы мақсатқа 320 млн теңге қарастырылған. Жоба бойынша 40,2 шақырым газ құбыры тартылып, 4 газ реттеу пункті орнатылады. Нәтижесінде 410 үйдегі 2 506 тұрғын табиғи газ пайдалана алады.
Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы да сөз болды. Жыл басынан бері негізгі капиталға 46,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 13 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл 32 мың гектардан астам жерге егін егілді. Оның ішінде күріш алқабының 3 288 гектары орылып, 2 114 гектары бастырылды. Егін жинау жұмыстарына 843 техника жұмылдырылған.
Жиын соңында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.


