Бүгін Қызылорда қаласында әлемдік деңгейдегі испандық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын зауытының іргетасын қалау рәсімі өтті.
Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Roca Group» компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес, Испанияның елшілігінің сауда-экономикалық кеңесшісі Хесус Видаль Боррелья, құқық қорғау органдарының басшылары, құрылыс саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ардагерлер қатысты.
«Roca Group» — бір ғасырдан астам тарихы бар, санитарлық-техникалық өнімдер өндірісінде әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания 78 өндірістік алаңды басқарып, 170-тен астам елге өнім экспорттайды және 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Рәсім барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және жаңа өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, өңірде қолайлы инвестициялық орта қалыптасқанын атап өтті.
Оның айтуынша, соңғы жылдары Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті айтарлықтай артып, ірі жобалар іске асырылуда. Бүгінде өңір экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Алдағы үш жылда жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 48 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
«Бүгін біз жоғары технологиялы, өңір үшін маңызды өндіріс орнын іске қосу бағытындағы алғашқы қадамды жасап отырмыз. Бұл жоба Қызылорда экономикасына серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Шетелдік инвесторлардың сенімі — біздің тұрақты даму бағытымыздың көрсеткіші», – деді облыс әкімі.
Жиында сондай-ақ облыс прокуроры Ризабек Ожаров, «Roca Group» компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес сөз сөйлеп, ел ағасы Ибрагим Әбибуллаев бата берді.
Жоба «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұған дейін зауыт құрылысына қатысты келісімдер өңір басшылығы ауысқан кезеңде жасалып, тиісті үкіметаралық құжаттарға қол қойылған.
Бұл кәсіпорын Қазақстандағы халықаралық экологиялық стандарттарға сай санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын алғашқы өндіріс орны болмақ.
Зауытқа 24 гектар жер бөлініп, 44,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылмақ. Жылдық өндірістік қуаты 500 мың бұйымға дейін жетеді. Өнімдер ішкі нарықпен қатар Орталық Азия елдеріне экспортталатын болады.
Жоба аясында шамамен 300 тұрақты жұмыс орны ашылады, сондай-ақ жергілікті мамандарды оқыту және кәсіби біліктілігін арттыру қарастырылған. Компания жыл соңына дейін смесительдер мен инсталляциялық жүйелер өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Ал өнімдерге арналған шоурумдар Астана мен Алматы қалаларында маусым айында ашылады.



