Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаевтың Арал ауданына жұмыс сапары барысында реконструкциядан өткен «Арал теңізі» теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нүркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен және мәслихат депутаттары қатысты.
Теміржол вокзалы Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жаңартылды. Қазіргі таңда еліміз бойынша 124 вокзалда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Қызылорда облысында 7 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті және Талап станциясындағы жолаушылар платформасы бар.
Облыс әкімі жаңартылған вокзалдарда жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыстар өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға жаңа серпін береді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі теміржол вокзалдары жаңартылуда. 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, оның айналасы толық абаттандырылды. Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл вокзалдарындағы жұмыстар, сондай-ақ Талап станциясындағы жолаушылар платформасының құрылысы аяқталып, бүгінде нысандар жолаушыларға қызмет көрсетуде.
Биыл облыста 80 шақырымнан астам теміржол жолына күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар Жалағаш және Тереңөзек кенттеріндегі қызмет көрсету пункттері жаңғыртылуда. Бүгін Төретам және Жосалы вокзалдары пайдалануға берілуде. Вокзалдарды реконструкциялау және күрделі жөндеуге 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», – деді Мұрат Ергешбаев.
Салтанатты шарада Құрылтай депутаты Ирина Тен сөз сөйледі. Ал вокзалдың ашылуына орай Арал ауданының құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Алдаберген Жоланов бата берді.
Теміржол саласында ұзақ жылдар еңбек еткен қызметкерлерге және вокзалды реконструкциялауға атсалысқан мердігер ұйым өкілдеріне облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.
«Арал теңізі» теміржол вокзалы 1905 жылы «Орынбор – Ташкент» теміржол желісінің құрылысы кезінде салынған. Арада бір ғасырдан астам уақыт өткен соң тарихи ғимарат жаңартылып, заманауи талаптарға сай жабдықталды.
Жаңартылған вокзал тәулігіне 600 жолаушыға қызмет көрсетуге және бір уақытта 224 жолаушыны қабылдауға қауқарлы.
Нысанды реконструкциялауға 1,7 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «Техоснастка ремсервис» компаниясы былтыр қараша айында бастаған.
Вокзалда ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, сақтау камерасы, күту залы және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған лифт қарастырылған. Сонымен қатар ғимаратта асхана, кафетерий және санитарлық-тұрмыстық бөлмелер жұмыс істейді.

