Бүгін Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен қайта жаңғыртылған Президент паркінің ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым және өңір делегаттары қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындарды саябақтың ашылуымен құттықтап, өңірде «Таза Қазақстан» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жоба санитарлық тазалықты жақсартып, елді мекендерді көркейтуге серпін беріп отыр. Соның нәтижесінде қоғамдық орындар мен аулалар жаңартылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда.
Соңғы жылдары Қызылордада тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылып, аулалар абаттандырылып, балалар және спорт алаңдары салынуда. Қалада жаңа нысандар бой көтеріп, жасыл аймақтар көбейіп келеді.
Жаңартылған саябақ аумағында заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, вело және жүгіру жолдары, сондай-ақ биіктігі 50 метрлік шолу дөңгелегі орнатылған. Жалпы аумаққа мыңдаған ағаш пен сәндік өсімдіктер отырғызылды.
Сондай-ақ саябақ маңында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, балалар лагері, ботаникалық орталық, тұрғын үйлер, перинаталдық орталық, жаңа драма театры мен Президенттік кітапхана салу жоспарланған.
Рәсім барысында саябақты қайта жаңғыртуға үлес қосқан мердігерлер мен белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.













