Бүгін сол жағалаудағы «Қайсар-Арена» стадионында «Береке бастауы – әз Наурыз» атты кең ауқымды мәдени шара өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев қатысты.
Ата-бабаларымыз табиғатпен етене байланыста өмір сүріп, Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп таныған. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қызылорда қаласы ерекше сәнге бөленіп, көшелер ұлттық нақыштағы безендірулермен көмкерілді.
Соңғы күндері күн райы жылып, көктемнің лебі анық сезілді. Табиғаттың жаңаруымен үндескен қала көркі мерекелік көңіл күйді айқын көрсетті. Стадион аумағында 60-қа жуық киіз үй тігіліп, ақ дастархан жайылып, бірлік пен берекенің белгісі ретінде ұйымдастырылды.
Аймақ басшысы тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, өңірдің дамуындағы жетістіктер мен алдағы жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Қызылорда облысының соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен. Сондай-ақ өңірде 300 орындық көпбейінді аурухана, ірі емханалар, перзентхана, жаңа драма театры мен заманауи Президенттік кітапхана салу жоспарланып отыр. Халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар құрылысы да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын кеңейту жұмыстары басталып, «Бейнеу – Сексеуіл» жолы да биыл қолға алынбақ.
Мереке барысында киіз үйлер алдында ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, көрмелер ұйымдастырылды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай 35 баланың тұсаукесер және айдар кесу рәсімдері өтті. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Шара отандық эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты








