Қызылорда қаласында әлемдік деңгейдегі испандық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын зауытының іргетасы қаланды.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Roca Group» компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес, Испания елшілігінің сауда-экономикалық кеңесшісі Хесус Видаль Боррелья, құқық қорғау органдарының өкілдері, құрылыс саласының жетекшілері, қоғам қайраткерлері мен ақсақалдар қатысты.
«Roca Group» — ғасырдан астам тарихы бар, сантехникалық өнімдер өндірісінде әлемдік көшбасшылардың бірі. Компанияның 78 өндірістік алаңы бар, онда 20 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Өнімдері әлемнің 170-тен астам еліне экспортталады.
Іс-шара барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, өңірде қолайлы инвестициялық орта қалыптасқанын атап өтті.
Оның айтуынша, соңғы жылдары аймақтың инвестициялық тартымдылығы артып, ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қызылорда облысына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Алдағы үш жылда жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын 48 жобаны іске асыру жоспарланған, нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Әкім бұл жобаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтіп, испандық компанияға алғысын білдірді. Оның айтуынша, жаңа өндіріс орны экономикаға серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Жиында сондай-ақ облыс прокуроры Ризабек Ожаров, «Roca Group» өкілі Даниэль Хурадо Эрнандес және ел ағасы Ибрагим Әбибуллаев сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, жоба «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асуда. Компаниямен әріптестік 2024 жылдың желтоқсан айында басталған, кейін жоғары деңгейдегі бірқатар келіссөздер арқылы жалғасын тапты.
Бұл кәсіпорын Қазақстандағы халықаралық экологиялық стандарттарға сай санитарлық-техникалық бұйымдар өндіретін алғашқы өндіріс орындарының бірі болмақ.
Жоба аясында 24 гектар жер бөлініп, жалпы инвестиция көлемі 44,1 млрд теңгені құрайды. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 500 мың өнімге дейін жетеді. Өнімдер ішкі нарыққа жеткізіліп, Орталық Азия елдеріне экспортталады.
Сонымен қатар, шамамен 300 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жергілікті мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру жұмыстары да қарастырылған. Компания жыл соңына дейін смесительдер мен инсталляциялық жүйелер шығаратын өндірісті іске қосуды жоспарлап отыр. Ал өнімдерге арналған шоурумдар Астана мен Алматы қалаларында маусым айында ашылады.







