1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. «Irgetas» сараптамалық алаңында бас қосқан депутаттар мен ірі құрылыс қауымдастықтарының өкілдері жаңа заңнаманың нарыққа ықпалын және сапа бақылауын талқылады.
Тұтынушы мүддесі — бірінші орында
Жаңа кодекс нарықтағы ойын ережелерін түбегейлі өзгертеді. Бұған дейін құрылыс заңнамасында құрылыс салушылардың мүддесі басым болса, енді басты назар азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығына аударылмақ.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұрат ӘБЕНОВТІҢ айтуынша, құжат халықтың мүддесін қорғауға бағытталған:
«Біз бірден айттық: бұл Құрылыс кодексі құрылысшылар үшін емес, қоғамымыз үшін жасалған. Адамдар қалаларда өзін еркін, заманауи сезініп, қауіпсіз өмір сүруі керек. Ал құрылыс саласы тек соған көмектесуі тиіс».
Жаңа талаптар: 10 жылдық кепілдік және мемлекеттік бақылау
Реформаның ең резонансты тұстарының бірі — ғимараттардың кепілдік мерзімін 2 жылдан 10 жылға дейін ұзарту. Мұрат Әбеновтің пікірінше, бұл қадам нарықтағы әділдікті қалпына келтіреді:
«Адам пәтерді ипотекаға 20 жылға алады, ал 2 жылдан кейін үй сөгіле бастаса, оны өз қаражатына жөндеуі керек пе? Қазіргі құрылыс стандарттарында негізгі конструкцияларға 50 жыл кепілдік беріледі. Демек, 10 жылдық мерзім — бұл шек емес, базалық әділеттілік стандарты».
Сондай-ақ, жаңа ереже бойынша 4 қабаттан жоғары объектілердің (мектептер, ауруханалар, ірі тұрғын үй кешендері) құжаттамасын тексеру толығымен мемлекеттік сараптаманың құзырына өтеді. Бұл – нарықтың шамамен 40%-ы.
Сапа мәселесі және технологиялық тәртіп
Құрылыс саласында 16 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер, «BEREKET-STROY» компаниясының негізін қалаушы Жұмағали ТЮТЕБАЕВ нарықтағы сапа мен кадрлар мәселесіне қатысты негізгі проблемаларды ортаға салды:
«Қазіргі таңда көптеген ірі компаниялар жұмысты субподрядқа беріп, инженерлік деңгейді төмендетіп жіберді. Біз өз тарапымыздан жас мамандар мен инженерлердің біліктілігін көтеру үшін арнайы курстар ұйымдастырып жатырмыз. Әрбір объектіде бетон құю, қалыптарды орнату секілді технологиялар норматив бойынша қатаң бақылануы тиіс. Егер біз тек пайданы ойлай берсек, ертең халық зардап шегеді. Нарықтағы алаяқтар емес, өз атына, сапасына жауап беретін адал құрылысшылар алға шығуы керек».
Бизнес пен мемлекеттік органдардың үндестігі
«Қазақстан құрылысшылар одағы» Алматы қаласы филиалының директоры Тимур НҰРТАЕВ өз кезегінде жаңа талаптардың құрылыс құнына және сараптама процесіне ықпалын атап өтті:
«Кепілдік мерзімінің 10 жылға дейін ұзаруы құрылыс компанияларына қосымша жауапкершілік жүктейді. Себебі нарықта 10 жыл бойы кепілді қызмет ете алатын сапалы жабдықтар мен материалдарды сатып алу қажет, ал бұл құрылыстың өзіндік құнын арттыратыны анық. Екінші мәселе — мемлекеттік сараптаманың жұмыс қарқыны. Сараптама өте баяу жұмыс істейді, сондықтан шешімдер жедел қабылдануы үшін жасанды интеллект секілді заманауи технологияларды енгізу қажет. Көп жағдайда бизнес сейсмоизоляторлар секілді жаңа қауіпсіздік технологияларын енгізуге дайын, ал мемлекеттік органдар бұл жаңашылдықтарға ілесе алмай жатады».
Алматыдағы алғашқы Құрылысшылар Құрылтайы
Сала алдында тұрған осы өткір мәселелерді шешу үшін 2 тамызда Алматыда Бірінші құрылысшылар Құрылтайы өтеді. Бұл алаң отандық өндірушілерді қолдауға және мемлекет пен бизнес арасындағы тікелей диалогты орнатуға бағытталған. Жиынға 500-ден астам қатысушы, соның ішінде көршілес елдерден де ірі құрылыс компаниялары қатысады деп күтілуде.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы Құрылтай жаңа кодекс аясында мемлекет пен бизнес арасындағы ашық әрі әділ ойын ережелерін бекітуге мүмкіндік беретін маңызды қадам болмақ.

