Қазақстанда бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі 2026 жылғы 19 шілдеде іске қосылады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Сенаттың пленарлық отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін қазақстандықтар кез келген банктің QR-коды арқылы бірыңғай жүйеде төлем жасай алады.
«Биылғы 19 шілдеден бастап бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі іске қосылады. Парламенттің қолдауының арқасында биылғы 1 мамырдан бастап экономиканың жаңа бағытын дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды», — деді Ұлттық банк төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін Тимур Сүлейменов бірыңғай QR-кодты енгізу мерзімі туралы айтқанымен, нақты күнін жарияламаған еді. Оның сөзінше, жоба аясында банктердің жеке технологиялары мен қауіпсіздік жүйелерін өзара біріктіру жұмыстары жүргізілген.
Еске сала кетсек, өткен жылдың соңында Ұлттық банк бірыңғай QR-код жүйесін 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін толық іске қосуды жоспарлаған болатын.
Бірыңғай QR-кодты енгізу «Банктер және банк қызметі туралы» заң мен қаржы нарығын реттеу және дамытуға қатысты заңнамалық өзгерістер аясында жүзеге асырылуда. Аталған құжаттар ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын, оның ішінде банкаралық мобильді төлемдер жүйесі мен бірыңғай QR-кодты енгізуді көздейді.