Бүгін ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Жиынға селекторлық режим арқылы Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Үкімет отырысынан кейін өткен облыстық мәжілісте аталған мәселелер жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы теміржол вокзалдарын коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстарын заңнама талаптарына сәйкес уақытылы аяқтауды тапсырды.
– Теміржол вокзалдарының сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы да жаңа деңгейге көтерілуі қажет. Қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, вокзал маңындағы аумақтардың абаттандырылуын, көгалдандырылуын және санитарлық тазалығын тұрақты бақылауда ұстаңыздар, – деді облыс әкімі.
Қызылорда облысының аумағы арқылы жалпы ұзындығы 1051 шақырым теміржол желісі өтеді. Қазіргі таңда оның 83,4 шақырымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 50,4 шақырым жол жөнделіп, қалған 33 шақырымын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Сексеуіл станциясында 18,7 шақырым теміржол салынып, 77 жиынтық бағыттамалы бұрма орнатылуда.
Бүгінде облыс аумағы арқылы 15 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Қызылорда қаласынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан бағыттарына 6 жұп жолаушылар пойызы қатынас жасайды.
Екі жыл бұрын Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізіліп, оған іргелес аумақ толық абаттандырылған болатын. Қазіргі уақытта өңірдегі Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі және Сексеуіл вокзалдарында, сондай-ақ Тереңөзек пен Жалағаштағы қызмет көрсету пункттерінде және Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің жолаушылар платформасында қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазалы, Шиелі, Жаңақорған вокзалдары мен Талап бекетіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған.
Мәжілісте жауапты мекеме басшыларына бір апта ішінде өндірістің жаңа бағыттарын дамыту және іске қосу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң өсімін сақтау міндеті қойылды.
Жиында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күзгі залалсыздандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Облыс әкімі кенеге қарсы өңдеу шараларын ветеринариялық талаптарға сай жүргізіп, олардың орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ тұрғындар арасында аурудың алдын алу жолдары мен алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығын түсіндіру бағытындағы ақпараттық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігі атап өтілді.