«Өнер орталығында» өңірлік педагогтердің бас қосуы өтті. «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналған облыстық тамыз конференциясында саланың өзекті мәселелері мен болашақ бағдары сараланды.
Алқалы жиынға аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев, Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмилә Есанова, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, зиялы қауым өкілдері мен білім саласының ардагерлері қатысты.

Басқосуда облыс әкімі Мұрат Ергешбаев сөз сөйлеп, өңір оқушыларының жоғары көрсеткіштеріне ерекше тоқталды:
«Ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз» деп атап өтті. Басымдықтардың қатарында кадр тапшылығын жою, ұстаздардың біліктілігін көтеру, жасанды интеллектіні орта білімге енгізу сияқты 5 негізгі бағыт айқындалды.
Сондай-ақ Президент өз сөзінде Қызылорда облысының мектеп бітірушілері ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін ерекше атап өтті. Түлектеріміз үшінші жыл қатарынан республикада бірінші орында. Бұл – ең алдымен ұстаздардың табанды еңбегі мен мемлекет қолдауының нәтижесі».

Өңір басшысы өзінің баяндамасында қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздікті жою және оқу процесін цифрландыру мәселелерін де көтерді:
«Осы жетістіктермен шектелуге болмайды. Президент тапсырмасына сәйкес, қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты қысқартып, әрбір баланың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек. Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізуде педагогтердің цифрлық құзыретін арттыру маңызды.
Мемлекет басшысы айтқандай: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы». Жаңа оқу жылы баршаңызға тың бастамалар мен жарқын жеңістер әкелсін!»
Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Наурызбай Байқадамов және өзге де сарапшылар баяндама жасады.
Үздіктер марапатталды
Конференция соңында білім саласының үздіктеріне салтанатты түрде құрмет көрсетілді:
«Орта білім беретін үздік ұйым» грантын (34 млн теңге) Жаңақорған ауданындағы №286 мектеп-лицейі жеңіп алды.
Жалағаш ауданы №201 мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Шілдебаеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы табысталды.
Бірқатар мұғалімдер «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жалағаш ауданы №201 мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Шілдебаеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы табысталды.
Жалағаш ауданы №201 мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Шілдебаеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы табысталды.

