Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қаладағы бірқатар маңызды нысанды аралап, алдағы жылу беру кезеңіне дайындық деңгейін тексерді.
Сапар барысында аймақ басшысы Мемлекет басшысының қолдауымен іске асқан жаңа жылу-электр орталығының жұмысымен танысты. Нысан жылына 240 МВт электр және 277 Гкал жылу энергиясын өндіруге қауқарлы. Жобаны жүзеге асыруға түркиялық «Aksa Energy» компаниясы 215 млрд теңге инвестиция құйған.
Жылу-электр орталығында қуаты 185 МВт болатын үш газтурбиналық қондырғы, 55 МВт бу турбинасы, сағатына 127 тонна бу өндіретін үш қазандық және жалпы қуаты 150 Гкал/сағ болатын екі су жылыту қазандығы орнатылған.
Қазіргі таңда станция толық қуатында жұмыс істеп, 240 МВт электр энергиясын өндіруде. Сонымен қатар төрт су жылыту қазандығы іске қосылған. Жаңа орталықтың қуаты алдағы жылу беру маусымында қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мұрат Ергешбаев бұдан бөлек, көмір жеткізумен айналысатын «Олжас-2005» ЖШС операторының қорын тексерді. Бүгінде кәсіпорынға 6,5 мың тонна қатты отын жеткізілген. Оның 2 мың тоннасы қоймада сақтаулы, тағы 7 вагон көмір жолда келе жатыр.
Сапар барысында Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының жөндеу жұмыстары да қаралды. Білім ордасының спорт және кіші залдары, сондай-ақ киім ауыстыратын бөлмелері жөндеуден өткен. Сонымен бірге облыстық аурухананың қысқы маусымға дайындығы бағаланды.
Аралау қорытындысы бойынша жауапты мекеме басшыларына жылу беру маусымына әзірлікті тұрақты бақылауда ұстап, қажетті жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
Биыл өңірдегі жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға 5,5 млрд теңге бөлінген. Қаражат 8,7 шақырым жылу желісін жаңартуды аяқтауға, №1 және №2 газтурбиналық қондырғыларды күрделі жөндеуге, 1,3 шақырым желіні жаңғыртуға, сондай-ақ бір қазандық пен бір турбинаны, 10 автономды қазандықты және негізгі әрі қосалқы жабдықтарды жөндеуге бағытталуда.
Алдағы жылыту кезеңінде тұрғындарға 92 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 19 мың тонна көмір қажет. Жалпы қажеттілік — 111 мың тонна. Қазіргі уақытта өңірлік операторлар отын қорын бекітілген жоспарға сәйкес толықтырып жатыр.
Әлеуметтік нысандардың дайындығы да жоғары деңгейде: облыстағы 1 079 нысанның 98 пайызы жылу беру маусымына әзір.




