Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Шалқия кентінде «Liaoning Hongda Group» компаниясының «Бурабай-Жалғызағаш» тау-кен байыту комбинатын салу жұмыстары ресми түрде басталды. Жобаға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен компанияның бас директоры Тан Цзюган қатысты.
Іс-шара барысында аймақ басшысы жаңа өндіріс орнының облыс экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Комбинат құрылысына 138 млрд теңге инвестиция бағытталады. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылына 210 мың тонна қорғасын-мырыш шикізатын және 20 тонна күміс өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өндіріс іске қосылғаннан кейін 550-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Жоба құрылысының негізгі кезеңдерін алдағы екі жылда аяқтап, кәсіпорынды 2028 жылы толық іске қосу көзделген.
Қазіргі уақытта кен орнының минералдық-шикізат базасын ұлғайту мақсатында бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік жолдарды салу басталып, құрылыс алаңдары белгіленді. Нысанды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, электр желілеріне қосу жұмыстары жоспарлануда.
Жаңақорған ауданында соңғы жылдары инвестициялық жобаларды іске асыру қарқын алған. Үш жыл ішінде жалпы құны 6,7 млрд теңгеден асатын 9 жоба іске қосылды. Биыл жоспарланған үш жобаның екеуі пайдалануға берілді.
Алдағы үш жылда Қызылорда облысының өнеркәсіп саласында жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар нәтижесінде өңірде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.


