Көлік вице-министрі Жанібек Тайжанов «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ және мердігер ұйым — «China Harbour Engineering Company Ltd» өкілдеріне Ақтау порты акваториясындағы түбін тереңдету жұмыстарын жеделдетуді және жобаны уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Көлік министрлігінде вице-министр Жанібек Тайжановтың төрағалығымен Ақтау порты акваториясында жүргізіліп жатқан түбін тереңдету жобасының жүзеге асырылу барысына арналған кеңес өтті. Жиынға аталған ұлттық компаниялардың және мердігер ұйымның өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жобаның қазіргі жағдайы мен дайындық жұмыстары қаралды. Мердігер тараптың мәліметінше, қазіргі уақытта арнайы техниканы жұмылдыру және топырақ үйінділері (намыт аймақтары) бойынша құрылыс алаңын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Кеңес қорытындысы бойынша түбін тереңдету жұмыстарын жеделдету және жобаны белгіленген мерзімде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Министрлік мәліметінше, жобаның іске асырылуы Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін арттырып, Қазақстанның теңіз логистикасының тиімділігін күшейтеді.
Бұған дейін Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі Ақтау халықаралық теңіз портының қызметіне елеулі әсер етіп отырғаны хабарланған болатын.
Түбін тереңдету жұмыстары терминалдық қуаттарды кеңейтуге жағдай жасап, порт түбін 1,5–2 метрге дейін тереңдетуге мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы құны 42,1 млрд теңге көлемінде бағаланған.