Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қызылорда қаласында жаңа Ботаникалық бақтың салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов пен Мархабат Жайымбетов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Президент саябағының аумағында орналасқан жаңа нысан Мемлекет басшысының қолдауымен бой көтерді. Құрылысты «Alem Qurylys AQ» ЖШС жүзеге асырған. Жобаны іске асыруға 4,9 млрд теңге бөлініп, құрылыстың негізі өткен жылдың қыркүйегінде қаланған болатын.
Салтанатты рәсім барысында өңір басшысы балаларды мерекемен құттықтап, жаңа бақтың жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, табиғатты танып-білуге және экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, балалардың жан-жақты дамуы мен қауіпсіздігі мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осы мақсатта пайдалануға берілген Ботаникалық бақ табиғат пен ғылымды ұштастыратын ерекше білім беру және демалыс орталығына айналмақ.
Кешен аумағына әлемнің әртүрлі өңірлерінен әкелінген өсімдіктер отырғызылған. Мұнда Қытай, Жапония, Оңтүстік Африка, Орталық және Оңтүстік Америка елдерінде өсетін ағаштар мен сәндік өсімдіктер өсіріледі. Бұл балалар мен жастардың экожүйе туралы білімін кеңейтіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге ықпал етеді.
Шара барысында білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздар мен нысан құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтаған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жалпы ауданы 1500 шаршы метрді құрайтын екі жылыжайда әлемнің түрлі құрлықтарынан әкелінген 92 түрге жататын 3300-ден астам өсімдік орналастырылған. Олардың қатарында пальма ағаштарының бірнеше түрі, бамбук, алоэ, кактус, стрелиция, жакаранда, алып юкка және басқа да экзотикалық өсімдіктер бар.
Бақта өсімдіктердің қалыпты өсуіне қажетті жағдай жасау үшін климатты автоматты реттеу, суару және су дайындау жүйелері орнатылған. Заманауи технологиялар арқылы өсімдіктердің күтімі толықтай бақылауда болады.
Жаңа Ботаникалық бақ тек өсімдіктерді тамашалайтын орын ғана емес, сонымен қатар экологиялық ағарту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және ішкі туризмді қолдау бағытында қызмет ететін маңызды қоғамдық кеңістікке айналмақ. Мұнда оқушылар, студенттер және табиғатқа қызығушылық танытатын тұрғындар үшін танымдық іс-шаралар өткізуге барлық мүмкіндік қарастырылған.
Айта кетейік, соңғы төрт жыл ішінде Қызылорда облысында Мемлекет басшысының қолдауымен 46 жаңа білім беру нысаны пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салынды. Өңірде жаңа оқу орындары, шығармашылық және қосымша білім беру орталықтары ашылып, балалардың сапалы білім алып, қабілеттерін дамытуына жағдай жасалуда. Жуырда ғана іске қосылған «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы да жас ұрпақтың игілігіне қызмет етуде.





