Бұл туралы қаланың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Оның айтуынша, бюджетке түзету енгізу қаланың меншікті кірістерінің өсуіне байланысты мүмкін болып отыр. Түсімдер жоспары 111,4 млрд теңгеге дейін ұлғайып, соның ішінде 86,4 млрд теңге қосымша салық түсімдері есебінен қамтамасыз етілмек.
Айжан Түгелбаева атап өткендей, елорда экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр: орташа экономикалық өсім 10 пайыз деңгейінде. Халық саны жылына орта есеппен 7,5 пайызға артып келеді. Құрылыс саласында 8,2 пайыз, көлік және логистика секторында 30 пайыз өсім байқалса, сауда көлемі 3 пайызға ұлғайған.
Қоғамдық көлік саласында да өзгерістер бар: субсидияланатын маршруттар саны 110-ға жетіп, жолаушылар ағыны 12 пайызға артқан.
Инфрақұрылым бағытында орташа жөндеумен 30 шақырым жол қамтылса, 7,6 шақырым жол құрылысы жалғасуда. Жылу және коммуналдық шаруашылық саласында іске асырылып жатқан жобалар жылу өндіру қуатын 1000 гигакалорияға, ал электр энергиясы қуатын 423 мегавольт-амперге арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тазарту құрылыстары мен техникалық су құбырының құрылысы жалғасады.
Қалалық ортаны абаттандыруға да қосымша қаржы қарастырылған. Аулаларды, санитарлық тазалықты және көгалдандыру жұмыстарын, соның ішінде LRT станциялары мен шеткі аумақтарды қамтуға аудан әкімдіктеріне 18,3 млрд теңге бөлінеді.
Басқарма басшысының айтуынша, қосымша шығыстар қаланың жедел қажеттіліктері, стратегиялық даму міндеттері, Мемлекет басшысы мен Үкімет тапсырмалары, сондай-ақ мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде қалыптасқан.