5 маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті.
Табиғи су көздерін қорғау мен олардың тазалығын сақтау мақсатында ұйымдастырылған шара тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Акцияға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, қоғамдық даму басқармасы, экология департаменті, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының қызметкерлері мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері қатысты. Экологиялық бастамаға жалпы саны 500-ден астам адам жұмылдырылды.
Шара барысында табиғи су айдындары мен жағалау аумақтарында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 5,5 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.





