Бүгін Қызылорда қаласындағы Президент саябағында 5 маусым – Эколог күні мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Эколог сағаты» атты экологиялық-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты — тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру, табиғатты қорғаудың маңызын насихаттау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру және қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту.
Ашық аспан астында өткен іс-шараға экология саласының мамандары мен ғалымдар қатысып, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Жиында Қызылорда облысы бойынша Экология департаментінің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аға менеджері Хадиша Әбдібайқызы, Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Қызылорда филиалының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Самалбек Оразбайұлы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің биология ғылымдары бойынша PhD докторы, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Нұргүл Сағындыққызы баяндама жасады.
Спикерлер өңірдегі экологиялық жағдай, табиғатты қорғау мәдениеті, жасыл желектер санын арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану және қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәселелері төңірегінде өз ойларын ортаға салды.
Шара барысында қатысушыларға қалдықтарды сұрыптау, су мен энергияны үнемдеу, табиғатқа ұқыпты қарау және тазалық сақтау қағидалары түсіндірілді. Сондай-ақ елімізде жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобалар мен бастамалардың маңызы айтылып, тұрғындар табиғатты қорғау ісіне белсенді атсалысуға шақырылды.
Табиғатты қорғау — әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Экологкүні #ТазаҚазақстан #Экологсағаты #Өзіңненбаста





