Бүгінде елордада 627 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл қала тұрғындарының 43,6 пайызын құрайды.
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың дене белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қалада балалар мен ересектерге арналған көптеген тегін спорт секциялары мен жаттығу алаңдары жұмыс істейді.
Соңғы жылдары елордада спорттық инфрақұрылым айтарлықтай кеңейді. Заманауи спорт кешендері, ашық алаңдар мен жаттығу орындары салынып, тұрғындардың қолжетімді спортпен айналысуына жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде спортпен тұрақты айналысатын азаматтардың саны жыл сайын артып келеді.
Сонымен қатар Астана халықаралық және республикалық деңгейдегі ірі жарыстарды қабылдайтын маңызды алаңға айналды. Қалада әлемдік деңгейдегі турнирлер ұйымдастырылып, жас спортшылардың кәсіби дамуына мүмкіндік берілуде.