Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Шиелі ауданына жұмыс сапары барысында Телікөл ауылдық округіндегі «Таң ЛТД» ЖШС-нің су үнемдеу технологияларын пайдаланып өсіріп жатқан жүгері алқабы таныстырылды.
Шаруашылықта жалпы 3 мың гектар жерге жүгері егуге бағытталған жоба жүзеге асырылуда. Биыл оның 1 мың гектарына дақыл егілген. Егістікте тамшылатып суару жүйесі қолданылып, қажетті инфрақұрылым мемлекеттік қолдау мен инвестиция есебінен қамтамасыз етілген.
Жоба қытайлық «Bayan Country Jiarun Agricultural Development CO» компаниясымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде қолға алынған. Өткен жылы тамшылатып суару әдісімен 700 гектарға жүгері егілip, 4,5 мың тоннадан астам өнім жиналды. Бұл технологияның тиімділігін көрсетіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда алқапта 50 адам еңбек етеді, жобаны 2027 жылға дейін толық қуатқа шығару жоспарланған.
Сонымен қатар, Талаптан ауылдық округіндегі «Центр Семеноводства» ЖШС де жүгері өсіруде. Құны 10 млрд теңге болатын жоба аясында 10 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дәндік жүгері өсіру көзделген. Биыл шаруашылық 1 мың гектар жерге жүгері еккен. Жоба аясында суару жүйелерінің жабдықтары мемлекеттік қолдау және инвестиция есебінен алынған.
Кәсіпорында қазіргі уақытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаны 2026–2028 жылдары кезең-кезеңімен толық іске қосу жоспарлануда.
Биыл Шиелі ауданында ауыл шаруашылығы дақылдары 32 499 гектар жерге егілді. Қазір егін жинау науқаны жалғасып жатыр.
Жалпы, Қызылорда облысында су үнемдеу технологияларын енгізу ауқымы кеңеюде. Егер өткен жылы мұндай әдістер 8 100 гектарға қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 14 200 гектарға жетті.


